Көкөніс экспортына квота енгізу керек - Бақыт Сұлтанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін қандай қадамдар жасау керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағаның одан әрі өсуіне жол бермеу үшін шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдау қажет деп пайымдаймыз. Біріншіден, әкімдіктер бизнес субъектілерінің үстеме ақылар мен шекті бағалардан асып кетуіне жол бермеуге мониторинг пен бақылауды күшейтуді, сондай-ақ өңір тұрғындарына белгіленген шекті бағалар туралы хабарды дер кезінде жеткізуді тапсыруды сұраймын. Екіншіден, әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациялар арасында тауар жеткізу жөнінде нақты өңіраралық кооперацияны қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігіне тұрақтандыру қорларына тауарларды өзара жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Ережелерге өзгерістер енгізуді тапсыруды сұраймын», - деді Б. Сұлтанов Үкімет басшысына қарата айтқан сөзінде.

Оның айтуынша, қыркүйек пен желтоқсан аралығында шекаралас елдер тарапынан көкөніске деген сұраныстың артуы байқалады.

«Өнімнің бақылаусыз елден шығарылуы орын алған жағдайда, осы тауарлар экспортын квоталауды енгізу қажет. Сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидек қоймаларының физикалық және моральдық тұрғыдан ескіргенін ескере отырып, инвестициялық субсидиялау нормасын 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайту қажет. Бұл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау аясында қажет және бизнесті ынталандыруға, егінді жеткілікті мөлшерде сақтауға әрі бағаның күрт көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік береді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар