Қоқиқазды көру үшін астаналықтар Талдыкөлге ағылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының шет жағындағы Кіші Талдыкөлге бір топ қоқиқаз ұшып келді. Осыған байланысты аталған мекен аз уақыттың ішінде елорда тұрғындары мен қала қонақтарының туристік және демалыс орнына айналып үлгерді. ҚазАқпарат тілшісі көлге келген жабайы құстардың тіршілігін өз көзімен көріп қайтты.

«Қоқиқаздар біздің елге Африка, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінен ұшып келеді. Сәуір айында келіп, күн суытқанша (қыркүйек, қазан айларына дейін) болады. Қоқиқаздардың елордаға жақын жердегі негізгі мекені Қорғалжын қорығы, оларда сонда мекендеп, көбейеді. Мамандардың айтуынша, елімізге жыл сайын 100 мыңға жуық қоқиқаз ұшып келеді екен. Оның ішінде Ақмола, Қостанай, Жамбыл және Маңғыстау облысының аумағын мекендейді. Талдыкөлге келсек, мамандардың мәлімдеуінше, мұнда кіші және үлкен 100-ден астам құс мекендейді. Оның қатарында қоқиқаз, аққу, қаз, үйрек, шағала, бірқазан және тағы басқа құстар бар. Талдыкөлге келген бұл қоқиқаздың биылғы балапандары. Олар жылы жаққа ұшпас бұрын осындай көл мен көлшіктерге тоқтап, әл жинап, одан әрі ұшады», - деді эко-белсенді Сәкен Ділдахмет.

Оның айтуынша, қоқиғаз Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және әлемде оның 10-нан астам түрі бар.

Қазіргі уақытта Талдыкөлде 10-нан астам қоқиғаз келіп, мекендеп жатыр. Және аталған көлде қоқиғаздан басқа да құстар бар.

Сонымен қатар, табиғат жанашыры Талдыкөл маңындағы құрылысқа қатысты алаңдатушылық танытты.

«Соңғы жылдары Талдыкөлдің маңында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өкінішке қарай, бұл тұмса табиғат пен оның мекендеушілердің тыныштығын бұзады. Сондықтан да құрылыс бастамас бұрын қоршаған ортаның ертеңі мен халықтың пікірін ескерген жөн. 2000 жылдардың басында қаланың ішіне киік, елік келген жайттар да болған. Ал қазір барлық жерде құрылыс. Өз басым Талдыкөлдің жойылуына қарсымын, көлді сақтап қалу керек», - дейді ол.

Ұшып келгеніне 1-2 күн болған қоқиқаздарды тамашалаушы астаналықтардың саны күн санап артып жатыр. Қазірдің өзінде Талдыкөл жағасында 20 шақты адам құстардың тіршілігін тамашалап отыр.

«Кешеден бері әлеуметтік желіде Астанаға қоқиқаз келді деп шулап жатыр. Желіден фото, видеосын көріп мен де тамашалауға келдім. Керемет көрініс. Жабайы құстардың қаланың ішіне келгені таңғалдырады. Мұндай табиғатты сақтап, қорғау керек. Кейде біз өзімізде бар байлықты бағадай бермейміз», - деді елорда тұрғыны (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді).

Расында да кешелі бері Талдыкөлге келген бір топ қоқиқазды тамашалап, оның суреті мен видеосын желіге жариялаушылардың саны артқаны байқалады.

Еске сала кетсек, жуырда елорда әкімдігі көпшілікті мазалап, жұртшылықты толғандырған Кіші Талдыкөл тағдырына қатысты ресми түсініктеме берді.

«Әңгімені Талдыкөл көлі мен сулы-батпақты Кіші Талдыкөлмен шатастырмау керектігінен бастағым келіп тұр. Елорданың бас жоспарына сәйкес, қаланың шығысында орналасқан Талдыкөл көлінің бойында көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Әрине, тұрғын үйден бөлек, мектеп, балабақша, емхана және басқа да әлеуметтік нысандар тұрғызылмақ. Осы тұста айтарым, көлдің өзіне тиіспейміз, керісінше оның маңына үй салып, инфрақұрылымды дамытамыз. Сол сияқты батпақты лас суды тазартуды көлді жою деп түсінетін секілді. Бізде көлді жою мақсаты жоқ, керісінше оның лас батпақтан тазартып, сақтап қалмақпыз. Себебі экологиялық көрсеткіштер бойынша оның сулы-батпағы лас әрі зиян»,- деген еді Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.


Соңғы жаңалықтар