Көк тағыларының көркем сайысы: Үздік бүркітшілер анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана маңында өтіп жатқан атақты бүркітші Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің халықаралық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің 10 облысынан келген 30 бүркітші қатысқан сайыс Астана іргесіндегі Қоянды ауылында кеше басталған болатын. Бүгін ақтық сында саятшылар бүркітті қоян мен түлкіге салды. Сонымен қатар қаршыға мен ителгіні қолға шақыру мен кептерге салу және далбайға ойнатудан бақ сынасты. Соның ішінен үш құс түрі (бүркіт, қаршыға, ителгі) бойынша жеңімпаздар анықталды.

Биыл төртінші мәрте ту көтерген Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы Жамбыл облысынан келген бүркітші Бақдәулет Бабажан атанды.

«Екі күнге созылған сайыс бес кезеңнен тұрды оның үшеуі алғашқы күні өтті, бүгін финал болды. 30 бүркітшінің ішінен 10-ы финалға жолдама алып, соның ішінен үздіктер анықталды. Жалпы жарысқа келсек, мен өзім 10 жылға жуық бүркіт салу өнеріне төрешілік етіп, бағалап келемін. Бізге қарағанда Қазақстанда бүркіт салудың ерекше айтып өтетін тұсы бар, Моңғолияда бүркіт өнері негізінен таулы аймақта жүргізіледі, ал Қазақстанда жазықта салынады, осы тұста таудың бүркіті жазық далада абдырап қалады тиісінше жазықта өскен бүркіт біз жаққа барғанда таулы аймақты жатсынатыны бар. Дегенмен бұл кедергі емес және осындай ерекшеліктерге қарамастан, екі ел бүркітшілері өзара тығыз байланыста деп айта алар едім. Өйткені, бізде болатын бүркітшілер сайысына қазақстандықтар қалмай қатысады, тиісінше бізде Қазақстан ұйымдастырған шаралардан қалмауға тырысамыз. Тек қана жарысқа қатысып қоймай біз бүркітшілермен білгендерімізбен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасамыз», - деді Моңғолиядан келген халықаралық деңгейдегі төреші Әділбек Қабылұлы.

null 

Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің халықаралық турнирінің жеңімпаздары: Бүркіт салу бойынша І орынды Жамбыл облысынан келген Бақдәулет Бабажан олжалады, ІІ орынды алматылық Ақберен Құрманғалиев қанжығасына байласа, үшінші жүлдені Алматы облысының бүркітшісі Алмас Сейітжан иеленді. Ал қаршыға салу бойынша І орынды Алматы облысының қатысушысы Аян Сейітжан иемденді, ІІ орынды ақмолалық Қазыбай Әпсалам еншіледі және үшінші жүлдені жамбылдық Берікболсын Жалғасұлы қоржынына салды. Ителгі салуда І орынды Маңғыстау облысынан келген Айшуақ Тайманов ұтып алса, ІІ орынды елордалық Руслан Мағзұмов жеңіп алды, тиісінше ІІІ орынды Атырау облысының өкілі Арман Қошқаров олжалады.  

Еске сала кетсек, бәсекенің жүлде қоры жарты миллион теңгені құрайды.

null null null 

Соңғы жаңалықтар