«Көк киттің» қармауынан сақтауды сұрап 9 ата-ана арызданды - ОҚО прокуратурасы

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Көк кит» суицидтік ойынының құрбаны бола жаздаған жасөспірімдер бары анықталды.

Бұл туралы өңір прокурорлары қалалық білім бөлімі басшылары мен ата-аналар бас қосқан жиналыста мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыс прокуроры бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Хали Маматаевтың сөзінше, соңғы бір аптада 8 жасөспірім мен кәмелет жасына толған бір тұрғынның туыстары ішкі істер органдарына көмек сұрап, арызданған. Олар өз перзенттеріне түн жарымда белгісіз біреулер қоңырау шалып, «Көк кит» ойынын ойнауға үгіттегенін айтқан.

«Белгілі болғандай, жасөспірімдердің ұялы телефондарына қоңырау шалып, оларды қорқытып, ойынға үгіттегендер қазақ тілінде хабарласқан. Оларға «ойнамасаң сенің әпкеңді, ағаңды не болмаса басқа да туысыңды өлтіріп кетеміз» деп қорқытқан. Осыған орай, облыстық Ішкі істер департаментінің білікті мамандарынан арнайы топ құрылды, хабарласқандарды іздестіру шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ аталмыш  9 дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің  105-бабы 3-тармағымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Осы жерде тағы бір ескерте кетейін, күдікті тұлғалардың кінәлары дәлелденсе, олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады. Мұндай әрекеттерге жол бергендер қатаң жазаланады»,- деді Х.Маматаев.

Өз кезегінде қадағалау орган өкілдері бас қосуға келген ата-аналарға өз балаларының іс-әрекеттеріне бақылау жүргізіп, сақтық шараларын қолға алуды ескертті. Атап айтқанда, жасөспірімдер қолындағы смартфондарды қарапайым байланыс құралына ауыстыруға кеңес берілді.

Ал, сала мамандары берген мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері өңірде жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу бойынша 3 жағдай орын алған. Әзірге бұл жағдайлар «Көк китпен» байланыстырылып отырған жоқ.

Жиын барысында ұстаздар қауымы мектептерде ұялы телефондарды қолдану бойынша тәртіп күшейтілетінін, балаларға смартфондар пайдалануға рұқсат берілмейтінін атап өтті. Бүгінде барлық мектептерде әлеуметтік желілердегі суицидтік топтарға қатысты сақтық шаралары қолға алынып, жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жиын соңында барлық мектептердегі ата-аналар комитеті төрағалары балалардың үйде және мектепте смартфон ұстап жүруіне тыйым салу жөнінде үндеу қабылдады.  

Соңғы жаңалықтар