«Көк қағаздың күні озып барады...» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 қаңтар, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Қос боксшының қуанышы» атты мақала берілген. Жақында Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны Данияр Елеусіновке «Спорт» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тапсырылды. Бұл Елеусіновке ғана емес, жалпы барлық былғары қолғап шеберлеріміздің еңбегін ескеріп, соларға да берілген атақ деуге болады.

Былтыр жыл соңында Спорттық жекпе-жектер және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы порталы www.confederation.kz отандық БАҚ және мамандар арасында 2014 жылғы үздік боксшыны анықтау мақсатында сауалнама жүргізген болатын. Соның нәтижесінде еліміздегі талантты жастарымыздың бірі Жәнібек Әлімханұлы «Жылдың үздік боксшысы» атанды.

Жәнібек 2013 жылы әлем және Азия чемпионы болса, былтыр ХVІІ Жазғы Азия ойындарын жеңіп алды. Алматы облысының Жыланды ауылының тумасы 21 жастағы Жәнібек Әлімханұлы Кореяның Инчхон қаласында өткен сында өзін барлық қырынан көрсетіп, бокс мамандарынан жоғары баға алып қайтты. Сөйтіп, ол Азиада алдында Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында бірінші орынды жеңіп алғаны кездейсоқ емес екенін дәлелдеді.

Бас басылымда «Жеңіс» жалауы желбіреді» деген мақала басылды. Табалдырықтан аттаған Жаңа жыл - мерейлі, мерекелі даталарға тұспа-тұс келуімен, айтулы оқиғалар аясында айшықталуымен ерекше болмақ. Соның ішінде ТМД елдерінде «Ардагер жылы» деп жарияланып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толуы аталып өтуі аға ұрпақтың өшпес ерлігін ту еткен, жас буынға өнеге тұтқан еліміз өміріндегі жарқын белеске айналғалы тұр. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамашылығымен майдан ардагерлерін құрметтеу және қолдауға арналған жалпыұлттық акция бұл күндері одан әрі жалғасын табуда. Осы мақсаттағы шаралардың бірі 30 желтоқсанда Астанада бастау алған «Жеңіске құрмет» республикалық марафоны болып отыр. Кеше оған қатысушылар «Жеңіс» жалауын Қарағандыға жеткізді. Қаладағы «Мәңгілік алау» ескерткіш кешеніне гүл шоқтары қойылды. Жалауды «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Сұлтан Камалетдинов қабылдап алды.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, өткен жылдың соңы мен жаңа жылдың басында сарапшылар арасында ең көп талқыланып жатқан мәселелердің бірі - әлемдік валюта жағдайы. Өйткені қытай юані 2014 жылы ең белсенді саудаланып жатқан 10 валютаның бірі болды. Осыған орай, қорларды әлемдік басқарудағы қытай валютасының рөлі көпшілік күткеннен гөрі анағұрлым жедел өтеді деген пікір қалыптасуда. Сарапшылар мұны қазірдің өзінде бұл бағытта жасалған басты бес қадаммен түсіндіреді.Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Көк қағаздың күні озып барады...» деген мақаланы оқып шығыңыз.

Осы басылымда «Шоудан да шаршадық-ау» деген мақала берілген. Жаңа жылда жатып алып теледидар көрдік.

«Дүниенің шаруасын тындырып тастағандай, төрдің алдында көсіліп жатуымыз жаман-ды. Сонда байқағанымыз не болды? Қазақстан телевизиясы қазір екіұдай күйде тұр екен. Жолайрықта тұр. Бұдан бұрынырақта, 20 жыл шамасы бұрын дәл осындай жағдайда емес-ті. Ол кезде мақсат айқын, жол даңғыл болатын. Не бүлінді дейсіз бе? Қазір біздің телевизия анасына да, жарына да жалтақтап тұрған босбелбеу еркекке ұқсайды. Анасының сөзін сөйлейін десе, әйелінің қабағы түюлі. Әйеліне жақтасайын десе, анасын қимайды.

Яғни таза қазақы дүние жасағысы келеді, бірақ таза орыстілді аудиторияның талабынан да шыға алмайды. Сондықтан да орта деңгейлі, арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін дүниелер фабрикасына айналуға мәжбүр. Оның үстіне, өнімінің жартысынан астамын аутсорсингке беріп, өзі эфирлік студияға ғана айналып бара жатқан кебі және бар. Заман талабы, өркениетті елдердің теледәстүрі деген сияқты ұзын-шұбақ сылтаулар тізімін келтіруге болар, бірақ мемлекет құраушы ұлттың мүддесін белінен сызып тастау туралы заң әлі шыққан жоқ. Шықпайды да»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Жүргенов жайлы фильм түсірілді» атты материал жарияланды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов жайлы «Темір нарком Темірбек» атты деректі фильмнің тұсаукесері болып өтті. Шара Темірбек Жүргенов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды.

Фильмнің тұсаукесері алдында Қа­зақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімов сөз алып, бұл туындының бүгінгі ұрпақ үшін мән-маңызына тоқталды. Сонымен бірге белгілі жазушы Софы Сматаев та Темірбек Жүргеновтің ерен еңбегін ел ұмытпайтынын айтты.

Туындыда Т.Жүргеновтің балалық шағынан бастап, оның қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны, халқы үшін аянбай тер төккені кезең-кезеңімен сипатталады. Режиссері Еркін Рақышев осы уақытқа дейін беймәлім болып келген бірнеше материалға сүйене отырып, Қазақ КСР ағарту ісі министрінің өмірі жайлы тереңірек ашуды мақсат тұтқанын тілге тиек етті.

Соңғы жаңалықтар