Қоғамымыз дәрігер парызының ерекше мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде - Президент
«Құрметті дәрігерлер, медицина қызметкерлері! Баршаңызды Медицина қызметкері күнімен құттықтаймын!
Сіздер адамгершілік пен ізгілік мұраттарына қалтқысыз қызмет етіп келесіздер.
Қоғамымыз дәрігер парызының ерекше мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде. Көптеген дарынды жастар осы мамандықты игеруге ұмтылып жатыр.
Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады. Ұлт саулығы – Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты.
Сіздерге ерен еңбектеріңіз, Гиппократ антына адалдықтарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін», - деп жазылған Президент құттықтауында.
Қасым-Жомарт Кемелұлы медицина саласының барша қызметкерлеріне зор денсаулық, бақ-береке тілеген.