Қоғаммен келіспей шығарылған шешімдер елді біріктірмейді - Мұрат Әбенов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғаммен келіспей жасалған шешімдер қате болуы мүмкін. Бұл туралы қоғам қайраткері Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің Жолдауында саяси реформалар бағытында бастамалар қоғамның ойындағы пікірді қамтыды деп ойлаймын. Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары осы мәселе туралы азаматтық қоғам көп көтерген болатын. Кейбір адамдар саяси реформаларды кейінге де қалдыруға болады деп айтып жатыр. Бірақ Президент осыған да жауап берді. Қазір көп проблемаларды шешу үшін міндетті түрде қоғаммен келісіп істеу керек. Қоғаммен келіспей жасалған шешімдер қате болуы мүмкін», - деді М. Әбенов Қазақстанның Азаматтық альянсы алаңында Жолдауды талқылау кезінде.

Сонымен қатар ол қоғаммен келіспей жасалған шешімдер елді біріктірмейтінін атап өтті.

«Шенеуніктер өз кабинетінде отырып, шешім шығара салатын болса, оған көп жағдайда қоғам қолдамақ түгілі қарсы шығуы мүмкін. Бұл тұрғыда уақытпен қатар, қаражатты жоғалтамыз, қайта шешім шығаруға мәжбүр боламыз. Сондықтан Президент осы бағыттағы қажетті жұмыстарды жақсы түсініп отыр. 2019 жылы бірінші Жолдауында Мемлекет басшысы осы мәселені атап өткен болатын. «Халық үніне құлақ асатын» Үкімет болуы үшін, айта алатын қоғам болуы керек. Сол себепті біз бұл бастамаларды тиімді пайдалануымыз маңызды», - деді қоғам қайраткері.

«Біз дауысымызды қаттырақ шығарып, Үкімет тыңдайтындай әрі мойындайтындай сөзімізді айта білуіміз керек. Азаматтық альянс тек белсенділердің алаңы ғана емес, сонымен қатар сөзін айта алатын, әр салада өз маманы бар, негізгі проблемаларды түсінетін беделді азаматтарды қамтыған. Сондықтан Азаматтық альянс нақты мемлекетке қажет өз үлесін қосатындай жұмыстарды атқаруы керек. Билікті тек сырттан сынап отырмай, бірлесе жұмыс істей алатындай әріптес болуымыз маңызды», - деді Мұрат Әбенов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап ететінін атап өтті.

Сонымен қатар, Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді.


Соңғы жаңалықтар