Қоғамға пайдалы жобалар жасағым келеді – IT маман Саят Тоқсанбаевпен сұхбат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 29 жастағы Саят Тоқсанбаев ҚР Президенті Іс басқармасының «Инженерлік-техникалық орталығында» жобалық кеңсені басқарудың бас маманы болып жұмыс істейді. Ол студенттік кезінен бері IT саласындағы өнімдерді жобалаумен айналысады және қоғам үшін пайдалы IT өнімдер жасағысы келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Саят Тоқсанбаев Тараз қаласында туған, 17 жасында отбасымен Астанаға көшіп келген. 2014 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне грантқа түсті. Сол жылы қараша айында университет студенттері арасындағы байқауда «Тоқсанбаев антивирусы» стартап жобасы «Гран-при» жеңіп алған. Осыдан кейін Саят бірден Мәскеу технологиялық институтына «Web-қосымшалар жасаушы» мамандығы бойынша оқуға шақырылды және 2017 жылы ол «Кросс-платформалық интернет-дүкен» (e-commerce) жобасы бойынша дипломдық жұмысын табысты қорғаған.

«Мен бағдарламалау мен вирусологияны 16 жасымда зерттей бастадым. Ол кезде «Коника» фотосалонында анама көмектесіп жүргенмін. Кейін дизайнердің көмекшісі, дизайнер болып жұмыс істедім, бірнеше жылдан кейін бас дизайнер болдым. Adobe қосымшаларында – Photoshop, Premier pro, After effects және басқаларымен жұмыс істеуді үйрендім, менің ойымша, бұл тәжірибе маған Президент Іс басқармасы жүйесінде мансабымды бастауға көмектесті. Колледждегі оқуымды сәтті аяқтаған соң, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне грантқа түстім. Екі айдан кейін университеттегі стартаптар байқауында жеңімпаз атанып, Мәскеу технологиялық институтына шақырту алдым. Ондағы дипломдық жобам – «e-commerce платформасы: сайт + мобильді қосымша» дайын өнім ретінде қорғалды», - деді Саят Тоқсанбаев.

2017 жылдың наурыз айында Саят ҚР Президенті Іс басқармасының материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына өндірістік практикадан өтуге және жұмысқа орналасуға шақырту алды.

Фото: akorda.kz

«Онда бірнеше ай бойы презентацияны дұрыс өткізуді, іскерлік қарым-қатынасты және басқа да маңызды жұмыс дағдыларын үйрендім. Осында жұмыс істеген 5 жыл ішінде дизайнерден әзірлеушіге дейінгі жолдан өттім. 500-ден астам презентация жасадым, ҚР Парламенті Сенатының веб-сайтын, Сенат пен Мәжілістің мобильді қосымшасын, сондай-ақ ішкі ақпараттық жүйелерді қайта жобалауға қатыстым. IT саласында жұмыс істеуге адамдардың игілігіне жарайтын өнімдерді жасау туралы үлкен арманым түрткі болды. Менің тәлімгерім Асқар Құсайынов маған презентацияларды қалай дұрыс ұсыну керектігін үйретіп, бейнероликтер әзірлеуге көмектесті. Тәжірибеден өту нәтижесінде мені жақсы маман ретінде атап, жұмысқа қабылдады», - деп еске алды Саят Тоқсанбаев.

Саят Тоқсанбаев жасаған маңызды және жарқын IT өнімдердің бірі – Щучье-Бурабай курорттық аймағын цифрландыру. Саят бұл идеяның Бурабайға сапарында пайда болғанын айтты.

«Мүгедектігі бар азаматтар, соның ішінде егде жастағы адамдар биіктегі тамашалау аймағына шыға алмайтыны мені қынжылтатын. Оларға көмектесудің жолын табамын деп үміттендім. 2021 жылдың желтоқсанында Президент қолынан «Щучье-Бурабай курорттық аймағын цифрландыру» стартап жобасын жүзеге асыру үшін грант алдым. Бурабай аумағындағы туристік жолдарды цифрландыру үшін 2 ай қажет болды, 140 шақырымнан астам жолды жүріп өттім. Цифрландыру кезінде орманда бірнеше рет адасып, жартастан да құладым. Таң атар тұста орман ішінде жүру қаншалықты қауіпті екенін түсінбеген де едім. Бірақ арманым орындалады-ау деген ой мені алға жетеледі», - деп бөлісті Саят.

Оның жобасын Facebook-тің 600-ден астам қолданушысы, оның ішінде «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы қолдаған. Жоба www.vr-tour.kz сайты арқылы барлығына қолжетімді. Оны кез келген құрылғыдан, соның ішінде виртуалды орта көзілдірігінен көру мүмкіндігі бар.


Сонымен бірге, Саят Тоқсанбаев IT саласын таңдайтын жастарға кеңес берді және бірінші кезекте өзін-өзі дамытумен айналысып, жаңа технологияларды үйрену керегін айтты.

«Екіншіден, әр адамның 10 жылдан кім болам деген мақсаттары болуы керек. Негізгі тармақтарды бөліп көрсетіп, оларға кезең-кезеңімен жету қажет», - дейді С. Тоқсанбаев.

Сұхбат соңында Саят Тоқсанбаев болашақ жоспары жайлы айтып берді.

«Біріншіден, отбасын құрғым келеді. Екіншіден, «ПІБ ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері үшін мансаптық даму» стартап-жобасын бастағым келеді. Менің ойымша, бұл болашақ қызметкерлерді қалыптастырудағы жалпы көзқарасты өзгертуге көмектесетін маңызды жоба. Бұл жүйе басқа мамандықты тез игеруге, алдыңғы басшының тәжірибесін қолдануға, сондай-ақ корпоративтік мәдениетті дамытуға көмектеседі. Үшіншіден, «ҚР көрікті жерлерін цифрландыру» стартапын дамытуды жалғастырғым келеді. Еліміздің дамуына және ҚР ПІБ жүйесінің дамуына өз үлесімді қосамын деп үміттенемін», - дейді Саят Тоқсанбаев.

Фото: akorda.kz

Соңғы жаңалықтар