Қоғамдық ұйымдар жемқорлықпен күресуі керек-сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қоғамдық ұйымдардың өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте пысықтала шоғырланған ұсыныстарды беруі тиіс. Мұндай пікірді «Ардагер» қоғамдық ұйымының төрағасы, ҚР Президенті жанындағы адам құқығы бойынша комиссия мүшесі Баян Ахметжанова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атаған барлық 10 ұсыныс бойынша жұмыстарға айналып келгенде қоғамдық ұйымдар тартылады. Бәлкім, жұмыс бағыты нақты бір қоғамдық ұйымның профиліне сай келмеуі мүмкін. Мәселен, аймақтарда қоғамдық ұйымдар бір-бірімен етене ынтымақтаса жұмыс жүргізеді. Барлық салаға қатысы бар өзекті бір сала болады. Мысалы, маған біреу «Экологиямен неліктен айналысып жүрсіз?» деп сұрақ қоюы мүмкін. Жауабым қарапайым - қоршаған орта менің денсаулығыма әсер етеді. Сол секілді, жемқорлықпен күрес тақырыбы да айналып келгенде барлық саланы жанап өтері сөзсіз», - дейді ол.

Баян Ахметжанованың айтуына қарағанда, жемқорлықпен жиі бетпе-бет келуге болады. Мәселен, бақыланбаған жағдайда жоғары оқу орнындағы студенттері емтихан тапсыру кезінде пара беріп үйренуі мүмкін. Кейін осының кесірінен лайықты білім алмай жатып, дипломға ие болады. Президенттің сыбайлас жемқорлықты барынша еңсеру бағытындағы заң жобасын әзірлеу тапсырмасына қатысты сөз қозғаған Баян Ахметжанова қоғамдық ұйымдар шоғырланған тәртіпте өз ұсыныстарын беру керектігін атап өтті.

«Ол ұсыныстар әртүрлі форумдарда терең талданып, пысықталып алуы керек. Тек сонда ғана қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары салмақты шығып, биліктің назарына ілінері сөзсіз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Тәуелсіздік сарайындағы ұлықтау рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекке дейін жемқорлыққа қарсы реформалар топтамасы дайындалатынын мәлім еткен еді.

«Жемқорлық - мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл - қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», - деді Мемлекет басшысы.

https://kaz.inform.kz/news/1-kyrkuyekke-deyin-zhemkorlykka-karsy-reformalar-toptamasy-dayyndalady_a3537115

Соңғы жаңалықтар