Қоғамдық ұйым өкілдері медициналық әлеуметтік мекеме басшысы бола алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорларына қойылатын біліктілік талаптарына түзету енгізілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.

Өзгеріс ведомство басшысының «Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту ұйымдарының басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» № 360 бұйрығына еніп отыр.

Медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорларына қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау туралы ұсыныс Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары туралы ведомствоаралық кеңестің ақпан айындағы отырысында айтылған екен. Бастама иелері саладағы қиындықтарды сауатты қаузап, қордаланған проблемаларды шешудің жолын ұсынып жүрген белсенді адамдардың біліктілік талаптарына сай болмағандықтан, медициналық әлеуметтік мекеме директоры бола алмайтынын мәселе етіп көтерген.

«Шетелдердің тәжірибесі медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорларлығына басқа салаларда басшылық өтілі бар қызметкерлер тағайындалатынын көрсетеді. № 360 бұйрыққа енгізілген өзгерістер бойынша енді медициналық әлеуметтік мекеме директорлығына білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы үкіметтік емес және мемлекеттік емес ұйымдарды кемінде 5 жыл басқарып көрген қызметкерлер тағайындалуы мүмкін», - делінген веодмствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ведомство мамандарының айтуынша, бұл түзетулер кейбір өңірлерде байқалатын білікті және мықты басшыларға қатысты кадрлық дағдарысты шешуге мүмкіндік бермек.

«Медициналық әлеуметтік мекемеге халықпен жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің мамандарын тарту көрсетілетін қызметтердің сапасына да оң әсерін тигізеді. Өзін тиімді басқарушы ретінде көрсеткен қоғамдық ұйымдардың көшбасшыларын медициналық-әлеуметтік мекемелерді басқаруға тарту барынша ашықтықты қамтамасыз етуге көмектеседі», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.


Соңғы жаңалықтар