Қоғамдық тамақтану орындары қантты министрлік уәде еткен бағамен ала алмай отыр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан қоғамдық тамақтану қауымдастығы Ауыл шаруашылығы министрлігі уәде еткен қантты арнайы бағамен сатып алу процесінің кешігіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2 тамызда біздің қауымдастыққа Ауыл шаруашылығы вице-министрі қанттың арнайы бағамен берілетінін мәлім етті. Оған рұқсат та берді. Ал енді таяуда Үнді қантына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Яғни оның құрамынан денсаулыққа зиян тұздар табылыпты. Бірақ кәсіпкерлер 21 күн бойы ауыл шаруашылығы министрлігі уәде еткен бағамен қант ала алмай келеді», - деді қауымдастық өкілі Вероника Нұрпейісова елорда кәсіпкерлерімен кездесу барысында.

Бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласы әкімнің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев растады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы вице-министрі Үндістаннан әкелінетін қанттың бір бөлігін беруге уәде еткен. Дегенмен қазір Үнді қантының құрамына байланысты елдің бірнеше өңірінде тексеріс жұмыстары жүріп жатыр.

«Осыған байланысты Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин сенбі күні бізді жинады. Министрлікке қосымша қант сатып алу тапсырылды. Атап айтқанда, ведомство қосымша келісімшарт жасасқан. Енді аталған тексеріс жұмыстарының нәтижесін күтпей, жаңа шарт негізінде қант әкелінеді», - деп түсініктеме берді Ерлан Бекмұрзаев.

Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі күзге қарай елімізге қант жеткізу жағдайы тұрақталып, баға түсетінін мәлімдеп еді.


Соңғы жаңалықтар