Қоғамдық тамақтану кәсіпорындары қантпен қамтылады - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қоғамдық тамақтану объектілерінің индустриялық қант қажеттілігін толық қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің телеграм каналына сілтеме жасап.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі қанттың қосымша көлемін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына жөнелтеді. Осы қалалардағы шағын бизнес өкілдері қанттың қажетті көлемін ала алады. Сондай-ақ, Қауымдастық басқа қалалар бойынша тізім жасап, қажетті қант көлемін есептейді. Бұл орайда, Қауымдастық пен әкімдіктер аталған қантты беру алгоритмін әзірлейді», - деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай ведомствода өткен кеңесте.

Айта кетсек, Ауыл шаруашылығы министрлігінде Сауда және интеграция министрлігі, Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Қоғамдық тамақтану қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен бизнес субъектілерін қанттың қажетті көлемімен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесу өтті.

Бұған дейін Қоғамдық тамақтану қауымдастығы қантпен қамтамасыз етудегі қиындықтарға байланысты қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының банкротқа ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Талқылау қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесті қосымша қолдау және қоғамдық тамақтану объектілерінің индустриялық қант қажеттілігін толық қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды.

Қоғамдық тамақтану объектілеріне басымдық бере отырып, қант жеткізуді ұйымдастыру үшін бүгінгі күннің ішінде оларға қажетті қант көлемі айқындалады. Бірінші кезекте халық саны неғұрлым көп үш аймаққа мың тоннадан астам қант жеткізілетін болды.


Фото: primeminister.kz



Соңғы жаңалықтар