Қоғамдық штаб Жамбыл облысын аралап, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіреді

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында Конституциялық референдумды қолдау жөнінде 47 адамнан тұратын қоғамдық штаб құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Штабтың құрамына аймақтағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері және жастар ұйымдарының көшбасшылары мен ғалымдар енді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде Референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың төрағасы Амангелді Карентаев айтты

Ол алдағы уақытта штаб мүшелері өңірдің елді мекендерінде, ірі кәсіпорындар мен ұжымдарда Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.

«Түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында жер, ауыл шаруашылығы саласы, заңгерлер, экономистер мен тіл мамандары бар 17 адамнан тұратын сарапшылар пулы жасақталды. Сондай-ақ штаб жанынан БАҚ-пен жұмыс жүргізетін, мониторинг, креатив сынды топтар құрылды.

Түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін облыстық арнайы желілік кесте жасалды. Желілік кестеге сәйкес 6 мамыр мен 3 маусым аралығында Тараз қаласы мен аудандарда 611 іс-шара өткізу жоспарланып отыр», – деді спикер.

Оның айтуынша, іс-шаралардың басым бөлігі Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіруге бағытталатын болады.


Соңғы жаңалықтар