Қоғамдық сананы қалыптастыруда азаматтық сектордың орны ерекше – Оңдасын Оразалин

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы 10 жылдық жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Он жылдың қорытындысына арналған шара «Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» тақырыбында өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, азаматтық қоғамның маңызына тоқталды.

«Ақтөбе облысының Үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығы өңіріміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар беделді ұйым. Азаматтық сектор – қоғамымыздың қозғаушы күші. Қоғамдық сананы қалыптастыруда азаматтық сектордың орны ерекше екендігі белгілі. Сондықтан біздің елімізде азаматтық қоғам институттарын қолдау, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың қоян-қолтық жұмыс жасауы бірізділікке қойылған. Мемлекет басшысының Жолдауында осы бағытта қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру азаматтық қоғамның одан әрі нығаюына ықпал етеді. Сол себепті үкіметтік емес ұйымдар секторымен бірге өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайту – әрбір мемлекеттік органның басты назарында болуы тиіс», - деді Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы 30-ға жуық ұйым жетекшілерін азаматтық қоғам институттарын дамытуға қосқан үлесі және маңызды әлеуметтік проблемаларды шешуге атсалысқаны үшін алғыс хаттармен, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапаттады.

Сонымен қатар, «Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысы» қоғамдық қоры Батыс Қазақстан аймақтық филиалының директоры, профессор Ізімғали Көбенов облыс әкімі Оңдасын Оразалинге қоғамдық бірлестіктің арнайы медалін және Олжас Сүлейменовтің кітабын табыстады.

Айта кетейік, қазіргі кезде облыста 764 коммерциялық емес ұйым тіркелген. Оның ішінде қоғамдық бірлестіктер – 404, қоғамдық қорлар – 205, заңды тұлғалар бірлестігі – 30, жекеменшік мекемелер – 125. Тек 100-ден астам үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс істейді.

«Тәуелсіздік алғаннан соң қоғам белсенділігі күшейді. Қазіргі кезде өңірде 700-ден астам ҮЕҰ тіркелгенімен бәрі бірдей жұмыс істеп тұрған жоқ. Қоғамдық-саяси күш ретінде үлкен іс тындыруға болады. Мәселен, Zhas Project жобасы жастарға кедергісіз мүмкіндік сыйлады. Мен Ақтөбе облысының үйлестірушісі болдым. Бізден 165 жоба мақұлданды, 165 миллион теңге қайтарымсыз ақша берілді. Түсінген адамға – бұл үлкен мүмкіндік», - деді Еңбек Ері Құралай Байменова.

Соңғы жаңалықтар