Қоғамдық пікір қуатты күшке айналды – саясаттанушы

None
Фото: Тұрар Шайхиев
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін елімізде Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Осыған орай саясаттанушы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Тұрар Шайхиев өз пікір-пайымымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, сайлау – азаматтардың демократиялық құқығы.

Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның барысында еркін азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды.

Осы сайлау барысында Қазақстанда теңдестірілген және мажоритарлы сайлау жүйелері кеңінен қолданылды. Яғни азаматтар саяси партиялар және жеке үміткерлерге бір мезгілде қатар дауыс береді.

Саясаттанушының сөзіне қарағанда, сайлау барысында жеті саяси партия мен мажоритарлық жүйе бойынша бір мандатты сайлау округтерінен тіркелген жекелеген үміткерлер өз бақтарын сынап жатыр.

Осы сайлаудың бір ерекшелігі, оның жоғары бәсекелестігі. Елімізде соңғы бір-екі жылда жедел жүргізілген саяси реформалар мен конституциялық өзгерістер нәтижесінде ел азаматтарының билікті құру мен оны бақылау құқығы мен саяси қатысу мүмкіндіктері жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Бүгінгі өтіп жатқан сайлау барысы оны айқын көрсетіп отыр.

Тұрар Шайхиевтің пайымдауынша, Президент бастамасымен қолға алынған азаматтардың саяси құқығының шынайы іске асырылуы мен қоғамның саяси мәдениетін көтеруге бағытталған реформалар қоғамдық пікірдің қуатты күшке айналуына әкелді. Осыны жақсы түсінген саяси партиялар өздеріне оңтайлы қоғамдық пікір қалыптастыру үшін бар мүмкіндіктерін сарқа пайдаланды. Сол себепті де, осыған дейінгі үгіт-насихат жұмыстары барысында саяси партиялар мен жекелеген үміткерлер әлеуметтік желілердің қуаты мен орасан зор мүмкіндігін кеңінен пайдаланып қалуға тырысты. Жалпы, әлеуметтік желілер болашақта мықты саяси талдауды қажет ететін құбылыс екендігін көрсетті. Оның конструктивті және деструктивті тұстарын дәл нақтылай алсақ, қоғамды жаңартатын да немесе шайқалтатын да күш бола алатындығын байқатты.

«Ең бастысы, бүгінгі сайлау еліміздің демократиялық даму болашағының зор екендігін көрсетіп отыр. Қазақстан халқы саяси биліктің демократиялық өзгерісі мен саяси партиялар бәсекелестігінің еліміз үшін, барлық өркениетті мемлекеттерді сияқты қалыпты саяси үрдіске айнала бастағандығын анық аңдады», деді саясаттанушы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын елдің батысында тұрғындар сайлауда өз таңдауын жасап жатқанын жазған болатынбыз.

Батыс Қазақстан облысында 70 жастағы қария өз таңдауын жасады.


Соңғы жаңалықтар