Қоғамдық орында балағат сөз айтқандар лайықты жазаға тартылады – министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов күні кеше қатаңдатылған қоғамдық орындарда былапыт сөз айтқандарға жазаның күшеюіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғамдық орындарда айтылған балағат сөз үшін жауапкершілік бұрын да бартұғын. Ендігі уақытта ол қатаңдатылды. Айта кететін жайт, біз бірден балағат сөзге мән береміз, ал негізі заң алдымен вандализммен күресуді көздейді. Бізде көпқабатты тұрғын үйлерді, ливтілерді бүлдіру фактілері көптеп тіркеліп келді және айыптыларды жауапкершілікке тарту мүмкіндігі болмады. Сондықтан да бүлдіру, зиян келтіру әрекеттері бойынша жауапкершілік күшейді. Оның ішінде қоғамдық орындарда балағат сөз айту да бар», - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, жауапкершіліктің күшеюі қоғамның дөрекі сөзге мүлдем төзбеушілік деңгейін арттырады.

«Енді қоғамдық орында балағат сөз айтқандар лайықты жазаға тартылады. Себебі көпшілік жерде былапыт сөйлеу құрметсіздіктің белгісі. Мысалы, мен қазір балағат сөз айтсам жазалауға болады, өйткені бұл жерде камера бар, дыбыс бар. Дегенмен өмірде әртүрлі жағдай болады. Айтар болсақ, байқамай аяғына балғаны құлатып алса, аузынан дөрекі сөз шығып кетуі мүмкін. Бұл қоғамдық тәртіпті бұзу болып есептелмейді», - дейді ол.

Айта кетсек, елімізде кешеден бастап қоғамдық орында айтылған балағат сөз үшін салынатын айыппұл көлемі өсті.


Соңғы жаңалықтар