Қоғамдық көлік жүргізушісін пышақтаған ақтөбелік бас бостандығынан айырылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - №2 Ақтөбе қалалық сотында 34 жастағы Серік Аймағамбетовке қатысты сот үкімі шықты. Ол қоғамдық көлік жүргізушісін пышақтағаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сотталушы Серік Аймағамбетов Ақтөбе қаласындағы №26 бағыттағы автобус жүргізушісін пышақтап, кейін оқиға орнынан кетіп қалған болатын. Ал жараланған автобус жүргізушісі ем алып шықты. №2 Ақтөбе қалалық сотында 34 жастағы сотталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша іс қаралды. Сотталушы С.Аймағамбетовтің бұрын да істі болғаны, 6 жылға бос бостандығынан айырылып, жазасын өтеп шыққаны белгілі болды. Іс материалында сүйенсек, сотталушы 17 мамыр күні кешкі сағат 22:00 шамасында мас күйінде жолаушылармен, кондуктормен ұрысып, кейін автобус жүргізушісі А.Қисымбетовке пышақ сұғып алады. Кейін көлік тоқтатып, үйіне кетіп қалады. Ал көлік жүргізушісіне жедел жәрдем шақырылып, көмек көрсетілді. Сот отырысы кезінде жәбірленуші А.Қисымбетов өзін пышақтаған сотталушыны кешіретінін, моральдық, материалдық шығын толық өтелгенін жеткізді.

«Серік Аймағамбетов Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіптілігі жоғары түзету мекемесінде өтесін», - деді судья С.Тасымбетов. 

Сот залынан қамауға алынған сотталушы нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емделетін болды.

Соңғы жаңалықтар