Қоғамдық кеңестердің жұмысына нақты қандай өзгерістер енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов қоғамдық кеңес жөніндегі заңға нақты қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жалпы қолданыстағы қоғамдық кеңестер туралы заңның өзі 2015 жылы қабылданған болатын. Уақыт көрсеткендей, бұл құжат та, жалпы қоғамдық кеңестер институты өз өзін ақтады десек те болады», - деді Болат Тілепов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, аталмыз заңды ұсынылып отырған өзгертулер тек олардың қызметін одан ары жетілдіруді көздеп отыр.

«Атап айта кетерлігі, қолданыстағы заңға ұзын саны 40 жаңа норма мен түзетілген 28 норма енгізіліп отыр. Сондықтан бірден ең маңызды мәселелерге тоқталайын. Біріншіден, қоғамдық кеңестердің құрамын жасақтауда басты талап – дербес және тәуелсіз қызмет ету. Сол себепті жұмыс тобының басшысын азаматтық қоғам өкілдері қатарынан сайлау ұсынылды. Бұл ұсынысты біз кеңестер құрамын іріктеу ісінде әкімшілік ресурстардың ықпалын азайту мақсатында қабылдадық. Жаңа заңнама кандидаттар есебінен резервтік тізім жасауға және кеңес құрамынан шыққандардың орнына осы тізімнен жаңа мүшелерді сайлауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Болат Тілепов кеңестер құрамын уақтылы толықтырып отыруға қатысты сын бұған дейін көп айтылып келгенін айтып өтті.

Сондықтан жаңа норма бұл мәселені тиімді жолмен реттеуге бағытталған.

«Қолданыстағы заңда қоғамдық кеңес мүшелерінің санының нақты мөлшері қарастырылмаған болатын. Бұл ретте кеңес мүшелерінің саны орталық деңгейде 15-30 адам аралығында, ал жергілікті деңгейде халық санына байланысты анықтау ұсынылып отыр. Басты талап – кеңес құрамына түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін тарту қажет. Осыған орай өкілетті орган кеңестің саны мен сапалық құрамы бойынша ұсыным әзірлейді. Сонымен бірге заң қоғамдық кеңес жұмысына қатыспайтын кеңес мүшелерінің өкілеттігін тоқтату тәртібін реттейтін нормалармен толықтырылып отыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар