Қоғамдық кеңестердің бәрі бірдей белсенді емес – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев қоғамдық кеңестердің құрамы мен белсенділігі туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сонымен қатар, қоғамдық кеңес қызметіне байланысты бірқатар үлкен проблемалар бар. Бірінші кезекте, бұл қоғамдық кеңестердің құрамына байланысты. Басшылардың қоғамдық кеңес құрамын өзіне барынша қолайлы етіп жасақтауға тырысатыны туралы шағымдар көп болды. Шағымданушылардың айтуынша, қолайсыз сұрақ қоятын адамдарды кеңеске кіргізбеуге тырысатын көрінеді», - деді Рахым Ошақбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сарапшының сөзіне сенсек, бұл мәселе республикалық деңгейде көп талқыланып, нақты шешім қабылданған.

«Нәтижесінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тиісті заңға толықтырулар енгізу жөнінде бастама көтеріп, құжат жобасын жасады. Бұл қоғамдық кеңес құрамын сайлау процесін бірінші басшылардың қалауы мен ықпалынан едәуір тәуелсіз етуге мүмкіндік береді. Екінші мәселе – қоғамдық кеңестердің белсенділігі аса жоғары емес деп айтар едім», - деді сарапшы.

Сондай-ақ, ол Кazkenes.kz порталының қоғамдық кеңес институтын дамытудағы рөліне тоқталды.

«Бір жағынан, бұл қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенді еместігіне байланысты болуы мүмкін. Екінші жағынан, олардың қызметі туралы ақпарат жетіспеуі мүмкін. Осының аясында біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бірыңғай портал ашу бастамасын құптаймыз. Кazkenes.kz порталы сияқты барша қоғамдық кеңестердің қызметі туралы ақпарат беретін бірыңғай алаң құру біздің заңнамада көзделген», - деп түйіндеді Рахым Ошақбаев.


Соңғы жаңалықтар