Қоғамдық кеңес базарға айналған вокзалды сынға алды

None
None
АЛМАТЫ. Қазақпарат - Алматыда қоғамдық кеңес мүшелері авто және теміржол вокзалдарының жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Былтыр бақылау тобы әуежайдың жұмысынан шикілік тапқан болатын. Биыл «Сайран» және «Саяхат», «Алматы-1» және «Алматы-2» вокзалдары тексерілді. 

 «Мониторинг тобы вокзалдардан антисанитария, заң бұзушылық деректерін анықтады.  Қосымша есіктер жабық,  өрт сөндіру баллондары ескі. Вокзалдар жолаушы тасымалымен ғана айналысуы тиіс. Ол жерді жабайы сауда алаңына айналдыруға болмайды», - деді кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков.  

Оның үстіне қаладағы аталған нысандардың барлығында мүгедектердің жүріп-тұруына тиісті жағдай қарастырылмаған. 

Мамандардың айтуынша, «Сайран» вокзалының ғимараты 1983 жылы салынған. Мониторинг тобы ғимаратқа жөндеу қажеттігін ескертті.  

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес мүшелері «Саяхат»  автовокзалының орны  неліктен жайма базарға айналып кеткеніне таң қалысты. Өз кезегінде «Саяхат» вокзалының иесі Ахмет Алероев Жетісу ауданына көшетін болған соң құрылыс бастамай отырғандығын алға тартты.

Айта кетсек, тексеру кезінде анықталған мәселелер әкімдікке жеткізілмек.

Соңғы жаңалықтар