Қоғамдық бақылауды жүргізуге кімдер жіберілмейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.

«Заң жобасында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылауды іске асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады», - деді Д. Қыдырәлі аталған заң жобасын талқылау кезінде.

Министрдің айтуынша, қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді.

«Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар