Қоғамдық бақылау туралы заң жобасын әзірлейтін жұмыс тобы құрылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Қоғамдық бақылау» туралы заң жобасын әзірлейтін жұмыс тобының құрамына Президенттік жастар кадрлық резервінен іріктеліп шыққан жастарды шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек бұған дейін Аида Балаева қоғамдық бақылау функциясына ие ұйымдардың тізімін кеңейту керектігін айтты. Оның айтуынша пандемия кезінде 300-ге тарта белсенді азамат дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығы, гуманитарлық көмекті бөлу, медициналық ұйымдардың жұмысына қоғамдық бақылау жүргізу жұмыстарын атқарған.

«Қазір қоғамдық бақылаушылар шағын және орта бизнес субъектілерінде, халық көп жиналатын орындарда, сауда орталықтарында қадағалау жұмыстарын жүргізіп, маска мен әлеуметтік қашықтық режимінің сақталуын бақылауда. Қай жерде заңсыз тойлардың өтіп жатқанын да анықтап жатыр. Сол себепті осы мәселелердің бәрі де қоғамдық бақылау туралы жеке заңның болуы керектігін айқындай түседі. Ол туралы Президент Жолдауында айтқан еді. Біз бүгінгі күні жұмыс тобын құрдық. Ол аталмыш заңның концепциясын дайындайды», - деді Аида Балаева Президенттік кадрлық резервтегі жастармен кездесу барысында.

Министрдің айтуынша ол жұмыс тобына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, халықаралық және қазақстандық сарапшылар, Ұлттық кеңес мүшелері енеді. Аида Балаева осы жұмыс тобына аталмыш жиында Президенттік жастар кадрлық резервінен іріктелген азаматтарды да шақырды.

«Заң жобасының негізгі новеллалары қоғамдық даму институттарын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар бұл заң мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді», - деді ол.


Еске сала кетсек бүгін елордада Президенттік кадрлық резервтегі жастар бірқатар министрмен кездесу өткізді. Нақтырақ айтқанда іріктеліп, резервке енген жастармен кездесуге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин, сондай Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин шақырылған. Басқосудың басты мақсаты – Президент Жолдауын талқылап, алдағы уақытта Президенттік жастар кадрлық резервін дамытып, жүзеге асыруды жоспарлау.


Соңғы жаңалықтар