Қоғамдық бақылау тобы салық органдарындағы кемшіліктерді бағалайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде Қоғамдық бақылау тобының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Қоғамдық бақылау тобы (ҚБТ) - мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты бағалауды жүзеге асыратын кеңес беру органы. Оның құрамына азаматтық қоғам институтының өкілдері, бизнес, ғылыми және зерттеу ұйымдарының қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері, блогерлер енді.

«Осындай топты құру идеясын ертеректе қарастырған болатынбыз. Өкінішке қарай, Комитет тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, бүгінде сыбайлас жемқорлық фактілері орын алып жатыр. Сондықтан, қазіргі кезде қоғамдық мониторинг тобын құру дұрыс қадам деп санаймын», - деді Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев.

Өз кезегінде Қоғамдық бақылау тобының төрағасы Ирак Елекеев ең басты жұмыс халықтың сенімін арттыруға бағытталатынын атап өтті.

«Тағы бір бағытымыз халық арасында салық мәдениетін көтеруге негізделмек. Әрқайсымыз дүкендерде, сауда орындарында касса чегін алуымыз керек. Алайда адамдарға бұған аса мән бермейді. Осының салдарынан жанама есеп-қисап жүреді. Кейіннен салықтық түсім аз деп шығымданамыз. Сондықтан халыққа бұл жағдайларды барынша түсіндіру керек. Мемлекеттік кірістер комитетінде атқарылып жатқан жұмыстар ашық әрі жариялы түрде көрсетілетін болады. Осы орайда тиісті жоспарды Қоғамдық бақылау тобының мүшеріне бердік, сондай-ақ олар да өз кезегінде ұсыныстарын жасайтын болады», - деді И. Елекеев.

ҚБТ-ның негізгі қызметі - мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлық сипаттарына жол беретін себептер мен тәуекелдерді талдау. Сонымен қатар, бақылау тобы жұмысында саладағы мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау әрі өтініштерді қарау ескеріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар