Қоғамдық бақылау тобы Батыс Қазақстан облысына барды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қоғамдық бақылау тобы Батыс Қазақстан облысына барып, қандай дәрі-дәрмек, медициналық құрал керек екенін анықтау үшін бірқатар нысанда болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БҚО Қоғамдық бақылау тобы мен волонтерлер облыстық көпсалалы ауруханаға, дәрі-дәрмек сақталып тұрған дәріханаға барды. Провизорлық стацинарда жатқан науқастардың туған-туыстарымен кездесті. Соңғы күндері провизорға дәрі-дәрмек келіп жатыр, көмекші ретінде санитарлар керек», - дейді БҚО қоғамдық бақылау үйлестірушісі Айгүл Туркина.

Оның айтуынша, қоғамдық бақылау тобы қарттар үйіне де барған.

«Біз қарттар үйінің басшылығымен кездесіп, мекемедегі жағдай қалай екенін көрдік. Қазіргі уақытта мекеме карантинде, оған №4 қалалық емхана қызмет көрсетеді. Онда жедел жәрдем және осы жердегі қарттарға қарайтын дәрігер бекітілген. Дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жоқ. Коронавируспен ауыратындар да жоқ. 3 адам изоляторда. Азық-түлік жеткілікті, жеміс-жидек те бар», - дейді БҚО Қоғамдық бақылау үйлестірушісі.

Қарттар үйіндегі басты мәселе - жалақының аздығы және ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігі.

«Тиісті органға хабарласып едік, олар ғимаратқа жөндеу жұмысын жасауға дайындық жүріп жатқанын айтты. Қоғамдық бақылаудың бастамасымен және облыстық әкімдіктің қолдауымен интернат тұрғындары үшін 5 концентрат әкелінді. Ол әртүрлі дерті бар қарияларға керек болып қалады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар