Қоғамдық бақылау субъектілері ақпарат сұратуға құқылы болады – заң жобасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Мәжілістің жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы мен қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасында қоғамдық бақылау ұғымы айқындалады. Қоғамдық бақылау объектісі дегеніміз мыналар: жергілікті мемлекеттік және орталық органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар. Қоғамдық бақылау субъектілері дегеніміз – ел азаматтары, Қазақстанда тіркелген коммерциялық емес ұйымдар», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі

Оның айтуынша, қоғамдық бақылаудың мақсаты – азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету. Қоғамдық бақылаудың басты қағидаты – заңдылық, жариялылық, ашықтық пен айқындық, қоғамдық бақылау субъектілерінің өз еркімен қатысуы мен тәуелсіздігі.

«Сонымен қатар қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Мысалы, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ, ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы болады. Объектілер қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға міндетті болады», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, қоғамдық бақылаудың негізгі формалары ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау ұсынылады. Сонымен қатар Республика заңнамасында айқындалған басқа да формалар жүзеге асырылуы мүмкін.

«Заң жобасында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылауды іске асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар, қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады», - деді Д. Қыдырәлі аталған заң жобасын талқылау кезінде.

Министрдің сөзіне қарағанда, қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді.

«Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті», - деді ведомство басшысы.

Мұнымен қоса, Дархан Қыдырәлі елімізде петицияны беру тәртібін түсіндірді.

«Заң жобасы петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі түзетулерді де қамтиды. Біріншіден, заңнамада петиция ұғымы беріледі (петиция – мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға электрондық форматта жіберілген және ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 12-1-тарауында белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс). Екіншіден, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген. Үшіншіден, петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Төртіншіден, уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды», - деді Д. Қыдырәлі.

Оның айтуынша, петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматының қосылуы қажет. Бұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елдерде (АҚШ, Өзбекстан және т.б.) қолданылады.

«Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, мәслихат депутаттарына петицияны ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысу, мемлекеттік органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізу, петицияларды қарау бойынша өз округінің сайлаушыларын хабардар ету және басқа да өкілеттіктер беру үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.


Соңғы жаңалықтар