Қоғамды жануарларға адамгершілікпен қарауға тәрбиелеу үшін жұмыс істеу керек - Данияр Тұрғамбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі екендігін айта келе Үкіметке азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай Үкімет әзірлеген құжат Мәжілісте мақұлданып, бүгін Сенаттың жалпы отырысында қаралмақ. Осыған орай аталған заң жобасын әзірлеу қажеттілігі неден туындағанын білу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаевты сөзге тартқан едік.

- Данияр Ғалымұлы, Сенатта «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы талқыланып жатқаны белгілі. Жалпы, бұрын елімізде осындай құжат болған ба және осы заң жобасын әзірлеу қажеттілігі неден туындады?

- Қазақстанда жануарларға қарауды реттейтін көптеген заңнамалық актілер бар. Алайда олардың ешқайсысында жануарларға адамгершілікпен және жауапты қарау қағидаттары бекітілмеген. Атап айтсақ:

1) жануарларға ауырсыну мен физикалық азапты сезінуге қабілетті тіршілік иелері ретінде қарау;

2) жануардың өмірі, денсаулығы және саулығы үшін иесінің жеке жауапкершілігі;

3) жануарларды қатыгездіктен қорғау;

4) халықтың жануарларға адамгершілік және ізгілік қатынасын тәрбиелеу.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын әзірлеу қажеттілігін Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйекте «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында айтты. Жануарларға қатысты қылмыстық оқиғалардың көбейуі (қорлау, азаптау) қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп, осы «Жануарларға жауапкершлікпен қарау» туралы заң жобасының әзірленуіне себеп болды.


- Заң жобасының тұжырымдамасы мен оның нормалары жалпы әлемдік практикаға қаншалықты сәйкес келеді?

- Заң жобасын әзірлеу алдында азаматтық сектормен бірлесіп әлемдік тәжірибені зерделеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, жануарлар санын реттеудің ең адамгершілік әдістерінің бірі қабылданды: аулау-зарарсыздандыру-вакцинация-табиғи ортаға шығару.

Осы тәсілді тұрақты негізде қолданған кезде қаңғыбас иттер мен мысықтардың саны орташа деңгейге дейін азаяды. Сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс төмендейді.


- Сіздің ойыңызша, заң жобасында қарастырылған жануарларға қатыгездік үшін жауапкершілік жеткілікті ме?

- Қылмыстық кодекстің 316-бабы 3 бөлікке бөлінген:

1) қатыгездікпен қарау салдарынан жануардың мертігуіне әкеп соққан жағдайда (Санкциялар сол күйінде қалады – 120 АЕК және 30 тәулік қамауға алу);

2) қатыгездікпен қарау салдары жануардың өліміне әкеп соққан жағдайда (айыппұл 200 АЕК-ке дейін немесе 583 400 теңгеге дейін ұлғайтылды және 50 күн бас бостандығын шектеу);

3) егер осы және басқа іс-әрекет бірнеше рет немесе адамдар тобы, немесе сөз байласу арқылы, немесе ересектердің жас балалардың қатысуымен немесе бірнеше жануарларға қатысты жасалса (1000 АЕК немесе 2,9 миллион теңге айыппұл және бір жылға дейін бас бостандығын шектеу).

Сондай-ақ, осы заң жобасында жануарларға «бұзақылық ниетпен» қатаң қарау белгісі алынып тасталды. Бұл жануарларға жауапты қарау саласындағы заңнаманы бұзған адамдарды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

Біздің ойымызша, айыппұлдар жеткілікті түрде ұлғайтылды. Жалпы, қоғамды жануарларға адамгершілікпен қарауға тәрбиелеу үшін жұмыс істеу керек. Өйткені жануарларға қатысты қылмыс, әдетте, оның экологиялық мәдениетінің болмауының салдары болып саналады.


- Қазір жануарларға қатыгездік көрсету фактілерінің көбейгені туралы жиі айтылады. Заң жобасы күшіне енгеннен кейін жағдай жақсармаса, сіздің ойыңызша, қандай қосымша іс-шаралар қабылдау қажет болады?

- Қазір қосымша іс-шаралар туралы айту қиын. Өйткені заң жобасын әзірлеу кезінде біз барлық ықтимал сценарийлерді модельдік және біздің ойымызша жануарларға қатысты қатыгездікпен күресудің барынша тиімді тетіктерін енгіздік. Бұл - ең алдымен экологиялық мәдениетті, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті арттыру. Заң қабылданған жағдайда кейін ол оң нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар