Қоғамдағы жаңа құндылықтар рухани тәрбие кепілі бола ма

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда, дінтанушылар Қазақстан қоғамындығы миссионерлікпен байланысты көріністерге қатысты біраз мәселелерді көтеріп жүр. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-нің профессоры Қарлығаш Борбасова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Прозелитизм қоғамымыздағы көптеген діни ағымдарға тән болып келеді, әйтсе де прозелитизмнің ашық көрінісі жаңа протестанттық ағымдарда кең етек жайғанын байқауға болады. Ол түсінік қазақстандық миссионерлік қызметтің маңызды бір элементін анықтайды.

«Жалпы шетелдік миссияларды бір-бірінен тәуелсіз ұйымдар ретінде қарастыру үлкен қателік болып табылады. Өйткені шетелдік және отандық миссияларда христиандық принциптерге негізделген ортақ мақсаттары мен мүдделері бар.

Қазақстанда тіркелген жаңапротестанттық ағымдардың қызметтерінің қазіргі кезеңдегі формалары әр түрлі. Олар өздерінің қоғамдық санаға әсер ету деңгейлерін кеңейту мақсатында түрлі жаңашылдықты белсенді қолданады. Үгіт-насихат, діни ұйымдар мен зайырлы қоғамдық ұйымдар арасында қатынастарды қолдану арқылы қайырымдылық іс-шараларын жасау, білім беру салаларында қомақты жобаларға қаржы бөлу, баспа және ақпарат құралдарына шығу, мәдениет және бизнес салаларында қызмет жасау мақсатты түрде іске асып жатыр. Қазір Алматы қаласындағы бірлестіктердің біразы қоғамдық, білім беруші, мәдени-ағартушы «ғылыми қоғам», «ассоциация», «фонд», «орталық» тағы сол сияқты ұйымдар ретінде тіркелулері олардың қызметтеріндегі жаңа тенденциялардың көрінісі десе болады», - дейді ғалым Қарлығаш Молдағалиқызы.

Ғалымның айтуынша, олар өздерінің әлеуметтік мәртебелерін көтеру үшін жылжымайтын мүліктер сатып алып, журналистердің, заңгерлердің, мемлекеттік қызметкерлердің саяси беделін өз мүдделеріне қолдануды кәсіпке айналдырып жатыр. Бұл бірлестіктер көбінесе есірткіге, ішімдікке қарсы тағы да басқа әлеуметтік бағдарламалар мен акциялар ұйымдастырады.

«Тағы бір мәселе діни ұйымдар қайырымдылық қызметтерін өз діни ілімдерін уағыздау үшін қолданады. Діни ұйымдардың қайырымдылық бағдарламалары мен акциялары миссионерлік бағытта іске асырылады. Олардың қайырымдылық қызметі қоғамдық санада позитивті имидж қалыптастыру үшін, мемлекеттік орган өкілдерімен байланыс орнату мақсатында жасалады.

Тарих беттерінде мемлекеттерді жаулап алу және оны басқару формалары уақыт талаптарына сай өзгерістерге ұшырап отырғанын байқауға болады. Қазіргі даму сатысында ақпараттық және коммуникациялық «өркениетті басқару» формалары екінші орынға әскери және тікелей саяси басқару формаларын ығыстырды. Осылайша, миссионерлік қызметтің жемісінен туындаған діни сенім және жаңадан орнатылған құңдылықтар - шекаралары тікелей шектеспеген елдің өміріне саяси немесе әскери күшсіз әсер етуге, араласуға жол ашады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар