Қоғам жаңаша дамып, барлық күш халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталатынына үміт артамын – сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев елдегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, Мемлекет басшысы жүктеп отырған міндеттердің маңыздылығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы елдегі тұрақтылықты сақтап қалу үшін лаңкестікке қарсы операция жалғасатынын айтты. Және олардың бетін қайтармайынша операция тоқтамайды. Көпті толғандырған келесі мәселе ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері. Бітімгершілікке келген әскерге қатысты Мемлекет басшысы, сарапшылар мен халықаралық ұйымдар да айтып, жазып жатыр. Бұл жерде ешқандай алаңдаушылық жоқ, миссия біткен соң бітімгерлер өз елдеріне кететінін Мемлекет басшысы тағы да қайталап айтты. Ендігі жайт жаңа Үкіметтің алдында тұрған міндет. Президент жаңа Үкіметке біраз тапсырма беріп отыр. Мысалы, орташа жалақының артында қандвй жасырын мәселенің барын көруге болатыны. Ол дегеніміз қоғамдағы теңсіздік. Яғни, табысына байланысты жікке бөліну», - деді Нариман Төреғалиев.

Халық қалаулысының айтуынша, елдегі жұмыссыздық, азық-түлік бағасының тұрақсыздығы мен коммуналдық қызмет бағасының өсуі де халықтың қалтасына салмақ түсіріп отыр.

«Осындай әлеуметтік қордаланған мәселелермен қатар елде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде қарулы күштердің арасында өзара байланыстың жоқтығы, одан қалды олардың материалдық-техникалық тұрғыдан қамтылуы тиісті деңгейде емес екендігі анықталды. Бұл Мемлекет басшысы айтқандай, құқық қорғау органдарын реформалау қажет екендігін көрсетті. Президент еліміздің ендігі даму жолын көрсетіп, жаңаша серпін берді. Үкімет алдына үлкен міндет қойылды. Сондықтан барша қазақстандықтарды, әріптестерімді Президент тапсырмаларын орындауда тиянақты жұмыс істеуге және қолдауға шақырамын», - дейді ол.

Сондай-ақ, сенат депутаты өңірлердің даму деңгейіндегі айырмашылыққа тоқталып өтті.

«Біз өңірлерді аралап, халықпен кездесіп жүргенде жиі қозғалатын мәселелерді Президент кеше тағы айтып өтті. Ол әлеуметтік теңсіздік, аймақтардың дамуындағы алшақтық, қаржының тек дәрежеде бөлінбеуі тағы сол сияқты. Яғни аймақ әкімінің беделі болса, сол өңірге қаражат көп бөлінеді дегенге сайып тұр. Ал басқа аймаққа қаражат жетіспей жатады. Сондықтан ондай жағдайды болдырмау мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев оған жеке тоқталды. Ендігі уақытта қоғам жаңаша дамып, барлық күш халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталатынына үміт артамын - деді Н. Төреғалиев.


Соңғы жаңалықтар