Қоғам мемқызметшінің бойынан біліктілік пен адалдықты көргісі келеді - Жазықбаев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірінші жартыжылдықтың қорытындысын шығарды. Соынмен қатар жиында мемлекеттік қызметті дамытудың өзекті мәселелері пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғам мемлекеттік қызметшілерден олардың біліктілігімен қатар әдептілігін, ашықтығын, адалдығын, адамгершілік қасиетін және жоғары мәдениеттілігін талап етеді», - деді кеңес барысында агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында, кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі мәжілісте сөйлеген сөзінде мемлекеттік қызмет жүйесін іс жүзінде сервистік және клиентке бағдарланған болуы үшін қайта жаңғырту қажеттігін атап өткенін еске салды. Сонымен қатар агенттік төрағасы мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жаңа сын-тегеуріндерді шешу жаңа редакциядағы Әдеп кодексін қабылдауға себеп болғанына назар аударды. Кодексте адал ниеттілік, әділеттілік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану іспетті мемлекеттік қызметтің қағидаттары айқындалған.

«Бұл ретте «клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар қарастырылған», – деді агенттік төрағасы.

Агенттік баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында Әдеп жөніндегі кеңестердің жұмыс қорытындысы шығарылды. Кеңестердің 82 отырысы өткізіліп, онда барлығы 542 мәселе қаралды. Әдеп жөніндегі кеңестердің қызметі көбінесе этикалық нормаларды бұзудың алдын алуға және мемлекеттік қызметшілердің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Осы жұмыстың арқасында әдеп нормаларын бұзғаны үшін жазаланған адамдардың саны жыл сайын азайып келеді. Атап айтқанда, соңғы екі жылда олардың саны 2 есеге кеміген.

«Әдеп жөніндегі кеңестер 2 393 ұсыным енгізіп, оның 96 пайызы орындалды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 1 323 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Әдеп жөніндегі кеңестердің ұсынымдары негізінде 32 мемлекеттік қызметшіге қолданылған тәртіптік жазалардың күші жойылып, 63 тәртіптік іс тоқтатылды. Жұмыс уақытын жүйелі түрде бұзуға жол бермеу жөніндегі жұмыс нәтижесінде 1 047 қызметшіге қосымша демалыс сағаттары берілді. Үстеме жұмысқа заңсыз тартылған қызметкерлерге 38 млн теңгеден астам ақшалай өтемақы төленді», - деп атап өтеді агенттіктен.


Соңғы жаңалықтар