Қоғам мәселесін шешетін жобаларға ғана гранттар бөлінуі керек – Аида Балаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік тапсырыстар мен гранттар қоғамда қалыптасқан мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстарды қарыландыруы керек. Бұл туралы өзінің Facebook-парақшасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтық қоғам институттарын көптен бері мазалап жүрген сұрақтардың бірі - мемлекет тапсырыс беретін әлеуметтік маңызы бар жобалардың тізімін құру мәселесі. Олар расында маңызды ма? Тиімділігі қандай? Қоғам мен нақты адамға берері не? Ең бастысы - қандай әлеуметтік мәселені шешуде? Жасыратыны жоқ, іс жүзінде көп жобалардың мәні маңызына, бастамасы нәтижесіне сәйкес келмей жатады. Өз басым бұл жағдайды түбірімен өзгертіп, барлық жобаларды ашық талқылайтын уақыт келді деп есептеймін. Өйткені, мемлекет азаматтық қоғам институттарын әріптес деп біледі әрі сенеді»,-деп жазды министр.

Осы ретте ол өзінің ұсынысы бойынша kun.kz ашық медиа-алаңында бүгіннен бастап Қазақстанның Азаматтық альянсымен бірлесе отырып, «Қоғамдық сараптама» жобасы жұмысын бастағанығын жеткізді. Оның басты мақсаты - үкіметтік емес ұйым өкілдерінен ұсыныстар жинап, әрбір түскен бастаманың тиімділігіне сараптама жасап, кәсіби баға беру.

«Тағы да атап өткім келеді, мемлекеттік тапсырыс пен гранттар бөлудің мақсаты тек қоғамдық ұйымдарды қолдау ғана емес, ең алдымен, қоғамның қажетін шешетін істерді қаржыландыру. Әрбірден соң бұл баршамыздың ортақ мүддеміз. Сөз жоқ, осыны түсініп, барынша қолдау көрсетіп жатқан ұйымдардың көптігі қуантады. Сіз болып, біз болып бұл міндетті де атқарамыз деп сенемін»,-деді Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар