+7 (701) 759 90 19
USD 425.78 EUR 494.08
RUB 5.98 CNY 66.23
Jańalyqtar

Қоғам құндылығы - халықтың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі - Мәжіліс депутаты Серікбай Нұрғисаев

2013 жылғы 21 ақпан 14:09
Бөлісіңіз:
Қоғам құндылығы - халықтың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі - Мәжіліс депутаты Серікбай Нұрғисаев

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Нұрғисаев ұлттық құндылықтар туралы ойларын ортаға салды.

- Серікбай Өрікбайұлы, біздің елдік мұратымыз не? Қандай мақсат жолында еңбек етуіміз керек?

- Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрдық. Келесі маңызды мақсат - ауызбіршілігі мол даму жолындағы қазақстандықтарды тәрбиелеп шығару. Соның негізінде қазақ ұлты тұруы керек. Ал енді ұлтты ұлт ететін - тәуелсіз мемлекет. Анығырақ айтсақ, мемлекеттік саясат. Бұл саясатты жүргізу үшін елдің заңы мен мемлекеттік бағдарламасы қабылданады. Елді дамытудағы атқарушы биліктің де, заң шығарушы органның да, жеке парламентшілердің де басты мақсаты - осы.

- Қазақ халқының өнері мен мәдениеті, оны әлем жұртшылығына таныту туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз?

- Адамның өмірге келгенінен бергі жиі ойланатыны өзінің кім екендігін білу, сезіну, соны өз ортасына жеткізу. Қоғам құндылығы - халықтың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі. Ұлты кім болса да, әр азаматқа адами қасиет ананың сүтімен, атаның қанымен дариды. Қазір ұлттық құндылықтарымызды шетелдерге танытуымыз керек. «Сен кімсің?» дегенде «Мен - қазақпын!» деп ана тілімізде айта аламыз. «Қазақ қайдан шықты?» дегенде әр азамат өз елінің, халқының тарихын білуі тиіс. Әрбір қазақ «Осыншама жерді қалай сақтап қалдың, жаугершілік замандардан қалай аман өттің?» деген сауалдарға тосылып қалмай, нақты жауап бере білуі қажет. Өйткені атамекенімізді қорғау жолында қаншама батыр бабамыз жанын да, қанын да аяған жоқ.

«Халықты қандай құндылықтар біріктіріп отыр?» десек, әрине тілің, ділің, дінің, патриоттық сезімің, бауырмалдық қасиеттерің екені анық. Жаугершілік заманында еліміздің бір қиырында шу шығып, «Аттан!» салғанда, екінші шеттегі қандастарымыз жетіп барған. Соның барлығы туған Отанды қорғау қасиеті, ар намыстың биіктігі. Бұл атадан балаға, одан немере мен шөбереге беріліп келе жатқан аманат. Осындай ұлттық құндылықтар бізге де үнемі қуат беріп тұрады. Келер ұрпақтың бойына да сіңеді деп ойлаймын. Бүгінгі замандағы технологиялық бәсекелестік қарқын ала түскен қоғамда, осы әлемдік тартыста біздің бабадан балаға беріліп келе жатқан сол құндылығымыз бізді сақтап, әрі қарай дамуымызға серпін береді деп есептеймін.

Өзге елге барсаң, «Сен кімсің?» деп саған да қарайды, «Қайдан келдің?», "Ой-санаңа жинаған білімің, тарихың, бойыңдағы қасиетің қандай, денсаулығың қалай?» деп сынайды. Шетелге барғанда, кейбір тамырсыз ұрпақтың «Ана тілін білмеймін, қазақтың өнерін, тарихын білмеймін, сенің тіліңді білемін, сенің валютаңды білемін» дегені кімге керек?

Жер шарының өзі кішкентай ғана. Онда мыңдаған халық, екі жүзден астам мемлекет бар, қаншама тіл мен мәдениет бар? Соның барлығы әртүрлі сөйлесе де, әртүрлі дінге сенсе де, Біріккен Ұлттар Ұйымының бір шаңырағының астында тұр. Тәуелсіз Қазақстанымыз татулықты сақтап, дипломатиялық қатынаспен 150-дей елмен байланыс орнатқан. Осы орайда «Бұл қай жолмен келе жатыр?» деп біздің елді де өзге жұрттар зерттеп, қарап отыр.

Қазір жаңа заманауи технология тұрмысымызға еніп жатыр. Бірақ адамзаттың ғасырлар бойы қалыптасқан қасиеті, тілі, мәдениеті, діні сақтала бермек.

- Ұлттық құндылықтарымызды шетелге таныстыруда Сыртқы істер министрлігі және Мәдениет министрлігі әлі де қандай жұмыстарды атқара түскен жөн деп ойлайсыз?

- Біз тәуелсіз ел ретінде тіркелдік, онда географиялық саяси-экономикалық көрсеткіштері көрсетілген. Ал енді «Ол қандай ел?» дегенде рухани байлығына назар аударады ғой. Біз құнды дүниелерімізді шетелдерге өте сапалы аударып жеткізуіміз керек. Әдебиет, театр, өнер жетістіктерін паш еткеніміз жөн. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарының да қосатын рөлі зор. Бүгінгі таңда біздің басылымдардың журналистері дамыған елдердегі беделді БАҚ-пен тәжірибе алмасуы қажет. Атап айтқанда, біздің журналистер Америка, Жапония, Европа елдерінің танымал баспасөз ұйымдарына барып, кейбір озық тәжірибелерін өз көздерімен көріп, үйренуі керек. Шетелдің озық жаңалықтарын отандық БАҚ-қа енгізсе, дұрыс болады.

Ең бастысы, жаңалықтарды біз негізгі бастауынан алуымыз керек. Ал қазір көп жағдайда орыс тіліне аударылған материалдарды пайдаланып жүрміз. Мәселен, Америкада, Индия мен Австралияда бір жаңалық болса, соны тікелей алуымыз керек. Тиісінше алыс шетелдер бізді де ортадағы байланыста жүрген орыс тілі арқылы біліп жатыр. Сондықтан диалогқа шығу үшін көп жұмыстар істелуі керек. Қай елмен де өнер, мәдениет, білім, ғылым саласында тікелей ынтымақтастық көпірін орнатуымыз қажет. Сыртқы істер министрінің қатысуымен өткен Үкімет сағатында осы мәселелер көтерілді, әріптесім Алдан Смайыл ұлттық құндылықтарымызды шетелге танытуда жаңа көзқарас болуы керектігі жөнінде өз ұсыныстарын айтты.

Аударма жасау өте жауапты мәселе. Қазақ тілі мен әдебиеті - ерекше қасиеттері мол ұлттық қазына. Қазақ тілінің өрісі кең, сипаттама сөздері көп, қаншама астарлы сөздері мен теңеулері бар. Қазақ аз сөзбен көп мағына беруді білген халық. Мақал-мәтелдеріміз өте көп. Соның барлығын жалаң күйінде сөзбе-сөз аударып жібере салсақ, ондай дүниені ешкім түсінбейді. Мәселен, танымал бір жазушының кітабін алып қарасақ, ол небір көркем суреттеулермен, бейнелеумен жазылған. Ал оны өзге тілге аудару өте қиын. Мен өз басым қазақша-орысша бірдей білсем де, мұндай кітапті орысша қалай аударуға болатынын білмеймін. Осындағы ғажап суреттерді, әдемілікті шет тіліне өте ыждағаттылықпен аудара білсек, ол да біздің халқымызды танытуға қосылған қомақты үлес болады. Мәселен, «Абайды түпкілікті терең түсіну үшін қазақ тілін білу керек» деп бекер айтпайды ғой. Сол сияқты Шекспирді ұғыну үшін ағылшын тілін жетік білуің қажет. Ал Пушкин мен Гогольді орыс тілінде оқығаның жөн. Бірақ аударма да керек.

Біз өз елімізді шетелге таныстырудан гөрі, бізге келіп жатқан ақпараттар көп. Кітап жәрмеңкелеріне, дүкендеріне барып көрсеңіз, солардың 90 пайызы - Ресей және басқа елдердің өнімдері.

- Тәуелсіз мемлекетіміздің азаматтарын тәрбиелеудегі өнердің, рухани қазыналарымыздың рөлі қандай?

- Иә, азаматтарымызды өзіміздің тіліміз, өнеріміз бен мәдениетіміз сынды рухани құндылықтарымыз ғана тәрбиелей алады. Одан басқа тәрбиенің балама түрі жоқ! Бәрі тілге байланысты. Мәселен, орысша тәлім алған қазақтар мен ана тілінде оқыған ұл-қыздарымыздың психологиясы мен көзқарасы бөлек. Ол тұрмақ, бүгінгі күні қазақша оқып, тілді меңгеріп алған басқа ұлт өкілдері өз ұлттарынан көрі бізге жақындау болып тұр. Мысалы, Қызылорда облысында адамдар «Қазақ пен кәрісті ажырата алмаймыз» деп күлетін еді. Өйткені ондағы кәрістер таза сөйлейді, жүрісі, тұрысы, психологиясы 100 пайыз қазақ болып кеткен ғой. Бәрін біліп алған. Өздеріне «Кімсің?» десең, қазақтың бір руының атауын айтады да жүре береді. Соған сеніп қаласың. Демек, бір халықтың тілін, ділін, дәстүрін терең білген адам сол халықтың қасиеттерін де өз бойына жинайды. Сондықтан тілдің ерекшелігі, барлық рухани ұлттық құндылықтарымыз бір азаматты ғана емес, қоғамдық ортаны, халықтың санасын өзгертіп жібереді. Мемлекет азаматын тәрбиелеудің жолы - қазақ тілі мен тарихы, қазақ мәдениеті мен өнері және қазақ болмысы. Бір қуанарлығы қазір оң өзгеріс басым. Бүгінде әншілер арасында да, жүрналистер қатарында, мемлекеттік қызметте де қазақ тілін терең меңгерген өзге ұлт азаматтары бар.

- Соңғы жылдары рухани байлығымызды арзандатып алған жоқпыз ба? Арзан әндер көбейді. Дәулеттілердің көрнекті қылып шығарып жатқан өмірбаяндық кітаптары да аз емес.

- Рухани байлығымызды арзандатып алдық деп айта алмаймын. Мәселе сол байлығымызды қаншалықты пайдаланып жүргенімізге байланысты. Халықтың рухани байлығы жердің астында жатқан қоры мол мұнай немесе алтын сияқты. Демек, ол бар дүние. Ал оны қалай арзандатасың? Сол байлықтан нәр алып жатырмыз ба, жоқ па?! Мәселен, орыстың ресми тілін үйренеміз де, әрі қарай тереңдемейміз. Оның да мәдени құндылықтарына бойлай бермейміз. Ақын Мұхтар Шахановтың «космополиттер» деп атап жүргені солар. Яғни, бір шетелдің тілін жаттап алдық, бірақ сол ел бола алмадық. Орысша сайрағанмен, орыс бола алмадық. Оның терең мәдениетін де, тарихын да білген жоқпыз. Пушкин, Лермонтов және басқа ғұламаларын терең білген жоқпыз. Яғни, әр адам ана тілінің құнарынан нәр алуы тиіс. Бүгінгі таңда орыс, ағылшын тілдерімен бірге елімізге олардың жаңа технологиясы келді, теле және кино туындылары көрсетілуде, ақпараттары келіп жатыр. Алайда, соларды көре отырып, біз ол елдің мәдениетін білдік деуге болмайды.

Ал арзан кітаптар деген не? Жалпы, жаңа кітап шыққаны жақсы. Кітап арзан емес. Соның ішіндегі дүние арзан болуы мүмкін! Соны жазған адам өзін арзандатып тұр ғой. Біреулер жиналыстарда сөйлеген сөздерін құрап, кітап шығарады. Ол сол кітапты шығарған адамның деңгейі. ХХ ғасырға дейін біздің әдебиетіміз де, тарихымыз да, рулардың шежіресі де негізінен ауызша айтылып келді. Бар жазбалардың өзі әр түрлі алмағайып замандарда жоғалып кетті, әдейі жойылды. Бүгінгі таңда Абылай сияқты хандарымыздың хаттарын көрші елдердің мұрағаттарынан әрең тауып отырмыз. «Кісінікінің кілті аспанда» дегендей, бізге қажеттіні ешкім де бергісі келмейді. Сондықтан мен ата-бабаларының атын дәл анықтап, келер ұрпағына шежіре жазған адамдарға да қарсы емеспін. Әр адам жеке тұлға. Бүгін туған бала ертеңгі күні ел басқарады. Сонда оның ата-бабалары қайдан шыққаны айқын көрініп тұрады. Тектіден текті шығады емес пе?! Мұндай үрдіс дамыған елдердің бәрінде де бар. Әр адам өзінің «Өмір ағашын» білуі тиіс.

Ал жеке өзінің өмірбаянын түгел жазып, жұмыс істеген жерлерін әрсіз-нәрсіз құр баяндаған кітап болса, ол ешкімді де қызықтырмайды. Ол кітап емес. Әрине, өз ұрпағы үшін жазсын, бірақ сондай кітап шығарып алып, біреулерге сатқызып жатса, ол дөректіліктің төресі.

- Қазақ баспасөзінің бүгіні мен келешегі жөніндегі пікіріңіз қандай?

- Елімізде тұрақты шығып жатқан 5 мыңнан астам басылым бар. Соның ішінде 700-дейі ана тілімізде жарық көреді. Бүгінгі қазақ баспасөзінің заман ағымынан қалмауды көздеп отырғаны анық байқалады. Баспасөз ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, жаһандану заманындағы жаңа, озық дүниелерді жедел жеткізе білетін, биліктің әр тармағы мен халықтың арасындағы ақпараттық көпір болуы керек. Мен отандық БАҚ-тың келешегін осы тұрғыда көремін.

- Ұлттық тәрбие туралы ойыңызды қалай түйіндер едіңіз?

- Ең бастысы, ұлдарымыз Отанымыз үшін еңбек етіп, бір үйдің азаматы болып, отбасының басшысы рөлін атқара білуі тиіс. Қыз балалар да өзінің өміріне, болашағына анық қадам басуы қажет. «Карьера» қуып, билікке жетудің жолында кетіп қалмауы керек. Арулардың басты құндылығы - Ана болу, біздің қоғамымызға керек Азаматты дүниеге әкелу және тәрбиелеу!

- Ұлттық құндылықтарымыз туралы ұтымды ойларыңызды ортаға салғаныңызға көп рақмет.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT