Қоғам алдында мемлекеттік органдар ғана емес, бәріміз жауаптымыз – Бану Нұрғазиева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстан азаматтық альянсында Мемлекет басшысының жуырда халық жасаған үндеуі мен Үкіметке жүктеген тапсырмалары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен халықтың Мемлекет басшысы мен оның ел тағдырына қатысты сенімді шешімдерін толық қолдайтынына сенімдімін. Сондықтан Президентті қолдап, қоғам проблемасын ашып айту керек. Қоғам алдында мемлекеттік органдар ғана емес, барлығымыз жауаптымыз. Елдегі жайтты бәріміз көріп отырмыз. Қазақстанда қаншама саясаттанушы, әлеуметтанушы бар, қоғамдағы процестерге үнемі болжам мен талдау жасалады. Соның бәрі қазір қайда? Ендігі уақытта бастысы бірлесіп, ынтымақтастықта жұмыс істеу. Басты үш сектор өзара ымыраласу керек. Ол мемлекет яғни билік, азаматтық қоғам және бизнес», - деді Қазақстан азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева.

Сондай-ақ, альянс басшысы таяуда құрылған «Қазақстан халқына» қорының қызметіне қатысты пікір білдірді.

«Қор құрылмай жатып, оның қызметіне қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Қордың басшысы кім сайлады, қалай сайланды? Қордың кеңесінің мүшелері қалай тағайындалды деген секілді. Бастысы қорға түскен қаржы халық қамы үшін жұмсалуы тиіс. Және жиналған қаржының 1 теңгесі біреудің қалтасына кетпеуі маңызды. Бүгін біздің жиналып отырған себеп те сол. Мемлекет басшысы нақтылап берген міндеттерді жүзеге асыру жолдарын қарастыру. Халық үнін билікке жеткізу тағы сол сияқты», - дейді ол.

Аталған шараға құзырлы мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдері, сондай-ақ, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.


Соңғы жаңалықтар