Көбейтұз көліндегі мобильді бекеттер қалай жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда маңындағы көлдер карантин аяқталғанша күзетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Санитарлық норманың сақталуы үшін Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының тапсырмасы бойынша Көбейтұз көліне баратын екі көлік жолында үш мобильді бекет қойылған. Олар тыйым салынған көл аумағына кіру және шығатын тұсты бақылайды.

Көл жағалауы маңын қосымша полиция экипаждары шолып жүреді. Карантин шектеулерінің сақталуына 15 полиция қызметкері, сонымен қатар аудан әкімдігі мен санитария саласының қызметкерлері жұмылдырылған.

Сондай-ақ ауданның жергілікті атқарушы органдары көл жағасына көлік өте жақын келмеуі үшін жасанды кедергі орнатуды қолға алды. Алғашқы демалыс күндері ғана осы маңда полиция 34 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Адамдар 18 рет қоғамдық тәртіпті бұзып, 16 жағдайда жол қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Еске сала кетсек, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұздың ластанып, ол жақтан тұздың тиеліп әкетілуіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Кейін Көбейтұз және сол маңдағы тағы үш көл карантинге жабылып, онда баруға тыйым салынды. Сонымен қатар, көлдің тұзын сатқандар анықталды. Ақмола облысының полицейлері көлігімен көлге кіріп кеткен адамның табылып, жазаланғанын хабарлады.

Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Көбейтұз бен Қоржынкөл көлдерін 49 жылға жалға беруге байқау жариялаған еді. Кейіннен Көбейтұз жалға берілмейтін болды.


Соңғы жаңалықтар