КО аймағындағы тауар экспорты мен импортының кедергісіз ағынын уәкілетті экономикалық операторлар қамтамасыз етеді - Ғосман Әмрин

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Уәкілетті экономикалық оператор статусын алған сыртқы экономикалық қызметтің қатысушы кәсіпорындарына бірқатар жеңілдіктер қарастырылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен отырыста мәлім болды. Шара барысында тәуелсіз Уәкілетті экономикалық операторлар қауымдастығы мен ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

«Осы жақында құрылған Уәкілетті экономикалық операторлар қауымдастығы мен ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитеті бүгін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюда. Бұл жердегі басты мақсат - Қазақстанның сыртқы байланысы мен сыртқы сауда саясатын дұрыс жолға қою. КО аймағындағы тауар экспорты мен импортының кедергісіз ағынын уәкілетті экономикалық операторлар қамтамасыз етеді. Қазір Қазақстан аймағында 69 уәкілетті экономикалық оператор жұмыс атқарып жатыр. Алайда, кемшіліктер жоқ деп айта алмаймыз. Оларды жоюда бірқатар жұмыстар атқарылады», - деді ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитетінің басшысы Ғосман Әмрин.

«Уәкілетті экономикалық оператор статусын алған кәсіпорындарға бірнеше жеңілдіктер қарастырылған. Олардың тауарлары шекарадан ешбір тексерусіз өтеді. Олар өз тауарларын қоймаларда сақтап қойып, бірнеше ай кедендік рәсімдеуді күтіп жүрмейді, бірден тауарын айналымға енгізе береді. Қазір Жапония мен Австралия арасында осындай келісім бар. Екі ел арасында өзара тауарлар ешбір кедергісіз экспортталып, импортталады»,- деді ЕЭК Кедендік қатынас бойынша министрлер коллегиясының мүшесі Владимир Гошин.

Кәсіпкерлердің ойынша, бұл институттың құрылуы бизнес пен кеден арасындағы байланысты дамытуға бағытталған.

«Бұл - кеден мен бизнес арасындағы сенімге негізделген байланыстың жаңа деңгейге көтерілуі болып табылады. Қазір бизнес-қоғамдар өз мүдделерін қорғаудың тиімді тәсілі болатын бір қауымдастыққа бірікті», - деп қорытындылады ҚР тәуелсіз Уәкілетті экономикалық операторлар қауымдастығының төрағасы Жәнібек Боқаев.

Соңғы жаңалықтар