ҚМГ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов: Талап күн сайын өзгеріп отырса, келіссөз жүргізу қиын

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаз бен «БерАли» компаниясының бұрынғы қызметкерлері арасындағы келіссөз арнайы құрылған жұмыс комиссиясының шеңберінде әлі де жалғасып жатқаны белгілі. Күн сайын кездесу өткенімен, тараптар бір аптадан кейін де нақты шешімге келе алмаған. ҚазАқпарат осы мәселе бойынша пікір алу үшін ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасановқа хабарласты.

- Дәулетжан Кеңесұлы, келіссөз қалай жүріп жатыр, қай кезеңге келді?

- Келіссөз жалғасып жатыр. Жалпы алғанда, қарама-қайшылық тудырып отырған бір нәрсе – «БерАли» қызметкерлері талаптарының құқықтық нормаларға қайшы келетін тұстары.

Қанша қалағанымызбен, олардың талаптарын толығымен 100% орындай алмаймыз.

- Қайшылық тудырған нақты не нәрсе?

- Біріншіден, біз бұл жайлы осыған дейін де бірнеше рет айтқанбыз, БерАлидің бұрынғы жұмысшыларын «Өзенмұнайгазға» немесе оның мердігер ұйымдарына жұмысқа орналастыру. Қаланың өзі осы кәсіпорынның негізінде құрылған. Компанияға жұмысқа орналасу кезегінде 10 мыңға жуық адам тұр. Оның үстіне, кезекке тұру үшін ол адамдар қаланың коммуналды кәсіпорындарында жұмыс істейді.

Біз қазір кезекті айналып өтіп, 200 адамды жұмысқа алсақ, қала тұрғындары не дейді? Бұл шешімге адамдардың көңілі толмайтыны анық.

Екіншіден, тендердің нәтижесін жоққа шығарып, тапсырысты бір көзден БерАлиге беру талабын орындау мүмкін емес. Тендер заңды түрде өтті, тексеру осындай қорытындыға келді. Оның нәтижесін жоққа шығаруға заңды негіз жоқ. Біз қазір солай жасауға шешім қабылдасақ, басқа да мұнай сервис компаниялары осы жолмен әрекет ететін болады.

- Сонда жұмысшыларға не ұсынып отырсыздар?

- Біз олардың жалақысы мен әлеуметтік пакетін сақтай отырып, бірнеше компаниядан жұмыс орнын ұсынып отырмыз.

- Жұмысшылар бұл ұсыныстардан неге бас тартып отыр?

- Себептері әртүрлі: бірінде жағдайды ұнатпады, келесі бірінде компанияның өзі, тағы біреуінің техникалық жабдықтауы көңілдерінен шықпады… фактор көп және күн сайын жаңасы пайда болады.

Сырттан қарағанда, бастамашыл топ жұмысшылардың мүддесін емес, белгілі бір мердігерді жақтап тұрғандай көрінуі мүмкін.

- Бұл жағдайдан шығудың жолын қалай көресіз?

- Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы – заң аясында қарастыру. Заң тәртібі бір рет бұзылса, прецедент ретінде еніп, келешекте оның қайтарымсыз салдары болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, бұл жағдай еңбек дауы да емес. Өйткені еңбек дауы жұмыс беруші мен қызметкер арасында болады. Біздің жағдайда әңгіме қызметке тапсырыс беруші – Өзенмұнайгаз бен мердігер – БерАли туралы болып отыр.

Компанияның тендерден ұтылғаны түсінікті, бірақ экономикадағы қағида осы. Одан бөлек тағы қатысқан 6 компания бар. Біреу жеңеді, біреу ұтылады.

Алайда, қызметкерлерді жұмыссыз қалдыру туралы, тіпті, сөз болмады. Сондықтан оларға бірден жұмыс орындары ұсынылды. Мұндай жағдай басқа салада кездеспейді.

Жалпы, ҚМГ-нің орталық кеңсесі бұл жанжалда екінші тарап болмауы да керек.

Жағдайды ескере отырып, біз комиссия құрдық, мемлекеттік органдарды тартып, жұмыс беруші компанияларды шақырттық.

Біз мұнда осының барлығын талқылап жатқанда, Жаңаөзенде қанша адам жұмыссыз отыр. Олар үшін әр күн маңызды, күнкөріс қамы бар, азық-түлік пен коммуналды қызметтерді төлеу қажет.

Келіссөз әдейі созылып жатқандай әсер қалдырады.

- Әңгімеңізге рахмет.

Еске сала кетейік, 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимаратының алдына 70-ке жуық жаңаөзендік мұнайшы жиналды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ведомство ғимаратының маңайында түнеп шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың талабы бойынша ресми шешім әзірленіп жатқанын айтты.

Бұл мәселеге пікір білдірген вице-премьер Алтай Көлгінов заң аясында әрекет ету қажеттігін, «тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шыққанын талап ету» дұрыс еместігін айтты.

11 сәуір кешкісін Энергетика министрлігі алдына жиналған бір топ жаңаөзендік мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.

Кейін наразылыққа шыққан мұнайшылардың көшбасшылары мәлімдеме жасап, екі жақ келісімге келгенін хабарлады.

12 сәуірде мұнайшылар Жаңаөзенге қайтты.

Бір аптадан бері ҚазМұнайГаз бен мұнайшылар ортақ келісімге келу үшін мәселені талқылап жатыр.

Бүгін ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев екіжақты келіссөз жайында пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар