ҚМДБ-ның қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет – Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев имамдардың жаңа образын қалыптастыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Діни басқарма қызметшілерінің жоғары білімі мен біліктігін арттырған абзал. Мемлекет имамдарға қолдау көрсету үшін жыл сайын Діни басқарманың қызметшілерін оқытып келеді. Мешіт имамдарының тапшылығын шешу мақсатында біз «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті университетіне «Исламтану» мамандығы бойынша мемлекет тарапынан гранттардың бөлінуіне көмек көрсетудеміз. Осы жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Жасыратыны жоқ, халық арасында кейде молдалар жұмысына көңіл толмаушылық айтылады. Ел имамдарды Құран оқып, жаназа шығарумен қоса, басқа да үлкен істердің айналасында көргісі келетіндігін білдіріп жатады. Сондықтан, Діни басқарма имамдардың жаңа образын қалыптастыруы керек деп санаймын», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, халық имамдарды жақсылық істерге жұмылдыратын, қайырымдылық шараларына мұрындық болатын, қуанышы мен қайғысын бөлісетін, қайырлы іске үндейтін сипатта танығаны жөн.

«Себебі істің – сөзге қарағанда әсері күштірек. Сондай-ақ, Діни басқарманың әлеуметтік желілер мен БАҚ беттеріндегі ағартушылық жұмыстарын күшейту керек. Сонымен бірге, Діни басқарманың тікелей қызметіне қатысты жеке азаматтардың сұрақтарын ашық әрі жылдам шешу мақсатында Мүфтидің «Виртуалды қабылдау бөлімін» ашуды ұсынамын. Бұл азаматтарға әртүрлі деструктивті көздерден теріс мәлімет емес, Діни басқармадан тексерілген, дұрыс ақпарат алуына мүмкіндік береді. Бұл бастаманы жүзеге асыруға Министрлік тарапынан жәрдем көрсете аламыз. Және бұған дейін кездесулеріміздің бірінде өздеріңізге дін тақырыбында телевизиялық бағдарлама ашу жөнінде уәде берген едік, сол уәдемізді орындап, қазір «Қазақстан», «Хабар» арналарынан «Иман өзегі», «Религия сегодня» хабарлары шығуда», - деді ол.

Дәурен Абаев сөз соңында ҚМДБ қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде бұл мақсатта мешіттерге азаматтардың қайырымдылығын қабылдауға арналған электрондық терминалдарды қою жұмыстары басталды. Осы жұмыстарды басында ірі қалалардың мешіттерінде, кейіннен барлық облыстық, аудан орталықтарында жалғастыру қажет. Бұл тәсіл халық алдында Діни басқарманың қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығы мен жариялылығына сенім тудырып, беделінің артуына мүмкіндік жасайды деп есептеймін», - деді министр.

Айта кетсек, бүгін елордада 500 имамның қатысуымен ІІІ республикалық имамдар форумы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына құттықтау хатын жолдады.

Соңғы жаңалықтар