Клубтар арасындағы ӘЧ: Араб командасы финалға шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Біріккен Араб әмірлігінде футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатыныңң жартылай финал ойындары басталды.

Алғашқы жартылай финалда Аргентинаның «Ривер Плейт» командасымен жергілікті «Аль-Айн» клубтары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы клубтар арасындағы әлем біріншілігі 12 желтоқсанда басталды. Оған Еуропадан - Испанияның «Реал Мадрид», Оңтүстік Америкадан Аргентинаның «Ривер Плейт», Солтүстік Америкадан - Мексиканың «Гвадалахара», Африкадан - Тунистің «Эсперанс», Азиядан - Жапонияның «Касима Антлерс», мұхит аралдары аймағынан - Жаңа Зеландияның «Тим Веллингтон» және аталмыш турнирдің қожайыны - Біріккен Араб әмірлігінің «Аль-Айн» командалары қатысып жатыр.

Бүгінгі кездесуде «Аль-Айн» ойыншылары алғаш болып есеп ашып, олардың аргентиналық қорғаушысы Хавьер Пинола қанжығасын майлады. Оған «Ривер Плейт» сапынан 11 және 16-минуттарда Рафаэль Борре жауап қайырды. Ал 51-минутта «Ал-Айн» клубының жартылай қорғаушысы Кайо таразы басын теңестірді. Бұл есеп тоқсан минут түгесілгенше сақталып тұрды. Сондықтан кездесу овертаймға ұласты. Жеңімпаз пенальти тебуден анықталды. Бұл жолы «Аль-Айн» жеңіске жетті. Осылайша хорват бапкері Зоран Мамич жетекшілік жасайтын араб клубы плей-офф кезеңінен финалға дейін жетті.

Дүбірлі дода 12 желтоқсанда «Аль-Айн» мен «Тим Веллингтон» командалары арасындағы кездесумен басталды. Ол ойында негізгі кезеңде 3:3 есебі тіркеліп, жеңімпаз пенальти тебу арқылы «Аль-Айн» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Одан кейін араб футболшылары 15 желтоқсанда ширек финалда Тунистің «Эсперансын» 3:0 есебімен ойсырата жеңсе, дәл осы күні «Касима Антлерс» клубы «Эсперанстан» 3:2 есебімен басым түсті.

Тағы бір жартылай финал ойыны ертең, 19 желтоқсанда өткізіледі. Онда «Касима Антлерс» пен «Реал Мадрид» командалары кездеседі. Олардың жеңімпазы 22 желтоқсанда финалда «Аль-Айн» клубымен кездеседі.

Футболдан клубтар арасындағы әлем біріншілігі биыл 15-мәрте өткізіліп отыр. Дүбірлі дода алғаш рет 2000 жылы жалуын көтерген еді. Бүгінгі күнге дейін Испанияның «Барселона» мен «Реал Мадрид» командалары үш-үштен чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ал Бразилияның «Коринтианс» клубы екі, «Интернасьонал», «Сан-Паулу», Италияның «Милан», «Интернационале», Англияның «Манчестер Юнайтед», Германияның «Бавария» командалары бір-бір мәрте алтыннан алқа тақты.

Соңғы жаңалықтар