Климаттың өзгеруін күш біріктіріп қана тежеуге болады – Мәулен Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сенат төрағасы әрі әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев әлемдік ауқымдағы экологиялық қатер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамзат үшін экология мәселесі барған сайын маңызды болып барады. Жаһандық жылыну және климаттың өзгеруі енді теориялық мәселе ғана емес, біз бәріміз сезініп отырған шындық. Бүгінгі таңда парниктік газдардың концентрациясы соңғы екі миллион жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп отыр және қоршаған ортаға тасталатын шығарындылардің көлемі өсіп жатыр. 1990 жылдан бастап көмірқышқыл газы шығарындыларының әлемдік көлемі 50% артты», - деді Мәулен Әшімбаев съезд отырысында.

Оның айтуынша, өткен онжылдық - тарихтағы ең жылы онжылдық болған

«Сонымен қатар, температураның 1 градусқа көтерілуі астық түсімінің шамамен 5% және одан да көп пайызға төмендеуіне әкеледі. Температураның көтерілуі мұздықтардың еруіне және теңіз деңгейінің жоғарылауына әкеліп отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, біз кері қайтпайтын нүктеге жақындадық, содан кейін жойқын табиғи құбылыстар тек жиілеп, ең ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», - деген Сенат төрағасы климаттың құбылуын бүкіл мүдделі тараптар күш біріктірген кезде ғана тежеу мүмкін болатынын еске салды.

«Мұндай жағдайда барлық мүдделі тараптарға, ең алдымен, жауапты саясаткерлерге, азаматтық сектор өкілдеріне, рухани және діни көшбасшыларға күш-жігерді біріктіру маңызды. Жаһандық сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұру, соғыстардан, қаруланудан, экстремизмнен, төзбеушіліктен және нәсілшілдіктен азат әлем құру, планетамызға бірге қамқорлық жасау маңызды», - деп түйіндеді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысы өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар