Климатқа байланысты Маңғыстау облысында су тасқыны болу қаупі төмен – құтқарушылар

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында климаттық жағдайларға байланысты су тасқынының болу қаупі төмен. Егер өңірді су басатындай жағдай болса, зардап шеккен адамдарға 900 жатын орын және жеткілікті түрде төсек жабдықтар беріледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Данияр Елшібаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау өңірінде су тасқынының алдын алу үшін жыл басынан 5150 тоннадан астам инертті материал, құм салынған 2700 қап және 6915 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды.

«Қазіргі таңда тиісті мердігер мекемелер су өткізу құрылыстарына жүйелі түрде тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2023 жылы наурызда республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп, азаматтық қорғау қызметтерінің және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығы тексерілді. Бүгінде облыс бойынша автожолдарда 1059, ал темір жолдарда 567 су өткізу құрылысы мен көпір тазартылды және олар жарамды», - деді Данияр Елшібаев.

Сонымен қатар спикер Маңғыстау облысында климаттық жағдайларға байланысты су тасқынының болу қаупі төмен екенін айтып өтті. Алайда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау маңызды.

«Су тасқыны кезінде үйіңізді су алмас үшін, ойық жерлерге құрылыс жұмыстарын жүргізбеу керек. Су тез жиналатын мекендерден аулақ болғаныңыз абзал. Егер өңірді қалың қар басып, жаңбыр толассыз жауса, бірден шара қабыладуға тырысыңыз. Үй салған кезде де іргетасын биік әрі су өтпейтіндей мықты қылып қалаған жөн», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар