Климат ұнамады – солтүстікке көшіп барған 76 адам кері қайтқан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған қазақстандықтарға 20 гектар жер беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, биыл оңтүстіктен солтүстікке 7550 адам көшкен. Оның 1200-і - қандас, тек 76 адам оңтүстікке қайтқан.

«Сол жақта өмір сүріп, бейімделіп кеткен адамдар жетеді. Әлеуметтік желіде шыққан ақпарат нақты мемлекеттегі жағдайды көрсетеді деп айта алмаймын. Нақты мәлімет: 7 мың адамнан 70-сі ғана қайтты. Оның 30-ы солтүстікке барып, өзі келіскен жұмыс көңілінен шықпаған. Адам болғасын әртүрлі жағдайлар болады», - деп жауап берді І. Испанов jрталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.

Комитет өкілі солтүстікке көшкендердің 33-і бара салып, кері қайтқанын айтты. Оларға климат ұнамаған.

«Енді биыл заң жобасында көшіп барған азаматтарға кезексіз өз шаруашылығын жүргізуге 20 гектарға дейін жер беру мәселесі тұр. Бұрын қандастар солтүстікке көшіп барса, кезексіз жеке шаруашылық, 20-40 сотық жер немесе 1 гектарға дейін жер беретінбіз. Енді шаруа қожалығын жүргізуге 20 гектар жер беріледі. Бірінші 5 жылда жер жалға беріледі, 5 жылда өзі ойлаған межеге жетемін деп жұмыс істесе онда жер 49 жылға жалға беріледі. Заңға енгізілетін өзгеріс 2023 жылы күшіне енеді», - деді І. Испанов.


Соңғы жаңалықтар