Климат иконасы Грета Тунбергтің артында кім тұр? – Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Ми дене жаттығуынан да шаршайды – Current Biology

Физикалық жаттығу миды ой еңбегінен кем шаршатпайды. Атлеттерге жасалған тәжірибе барысында ғалымдар спортшылардың миы физикалық жаттығудан кейін де шаршайтынын анықтаған. Зерттеу туралы мақала Current Biology журналында жарияланды.

«Зерттеуді спортшыларды Олимпиада ойындарына дайындайтын мамандары бар Францияның Ұлттық спорт институтының зерттеушілері жүргізген. Ғалымдар анықтағандай, спортшылар көп жаттыққаннан кейін қатты шаршап, ағзалары қайта қалпына келе алмаған. Ғалымдар мұның себебі мидың шаршауынан болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап табу үшін осы зерттеуді жүргізген», деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, зерттеуге 37 спортшы қатысқан. Олардың орташа жасы 35 жасты құраған.

«Зерттеуге қатысушылар екі топқа бөлінген Бірінші топтағылар қалыпты реттілікпен жаттықса, екінші топ күрделі жаттығуға кіріскен. Нәтижесінде ғалымдар күрделі жаттығу жасаған топтың ми бағанасындағы белсенділік төмендегенін анықтаған. Қатты шрашаған атлеттердің ми белсенділігі қатты ой еңбегімен айналысқан адамдардағыдай төмендеп кеткен», деп жазады басылым.

Саяси журналистика өлді - The American Conservative

«Вашингтон посттың» очеркисі Макс Бут онсыз да белгілі ақиқатты мойындады: Джефферсон айтқандай адал, қоғамды ақпараттандыратын журналистика қазір жоқ. Тек халыққа жалған факті мен өтірік ақпарат айтатын жазғыштар ғана қалды», деп жазады The American Conservative басылымы.

Автордың жазуынша, бүгінде өсек фактіге айналып жатыр.

«Бүгінгі күні ең көп талқыланып жатқан нәрсе – Трамптың бизнесі. Журналистер бұл туралы көп жазады. Трамптың бизнесіне қатысты өсектің барлығы еш дәлелсіз болса да басылымдарда жарияланады. Мысалы, Барак Обама президент кезінде жазған кітаптары үшін 15,6 миллион доллар қаламақы алған. Инаугурацияға екі апта қалғанда Обама баспамен келісімшартты қайта жасап, жаңа қызметінен барынша пайда табуға тырысқан. Обаманың кітабы Қытайда жақсы сатылды. Ол жақта баспа ісін үкімет бақылайтынын ескерсек, Обаманы қытай коммунистерінен ақша алды деп айыптауға болады. Тура осылайша Трамптың да бизнесі болуы заңды және президентке заңмен басқа жолмен ақша табуға тыйым салынбаған. Бірақ, ешкімде этикалық сұрақ туындамады», деп жазады автор.

Оның айтуынша, Обама мен Трамптың жағдайы ұқсас болса да, журналистер екі түрлі әрекет еткен. Мұның себебі – бұқралық ақпарат құралдары демократтармен қауіпті ойынға кіріскен.

«Макс Бут пен сол сияқты адамдар мамандығын ауыстырып алған. Олар үшін журналистика – қарсылық, шағымдану, арандату. Міне, демократия тура осылай өледі», деп жазады автор.

Ресей интернеті бүкіл әлемнен оқшаулана ма? - Forbes

«Биыл Ресей президенті Владимир Путин Ресей интернеті туралы заңға қол қойды. Бұл заң мемлекеттің коммуникациялық инфрақұрылымын қорғауға бағытталған. Ал сыншылардың айтуынша, бұл Ресейді сыртқы әлемнен алшақтату мақсатында жасалып жатқан әрекет», деп жазады Forbes басылымы.

Автор заң жобасын таныстыру кезінде оның іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына қатысты дау туындағанын жазады.

«Үкімет бұл заңның мақсаты Рунеттің тұрақтылығына, қауіпсіздігіне және тұтастығына төнген қауіптің алдын алу екенін айтты. Осылайша заң жобасын жасаушылар интернет трафикті халықаралық серверлерден Ресей жеріндегі серверлерге ауыстыру жүйесін құру керектігін айтты. Бұл қазіргі жүйеге қауіп төнгенде ғана жасалады деп күтілгенімен, нақты ештеңе айтылмады», деп жазады автор.

«Аталған жүйе қараша айында іске қосыла бастайды. Freedom On The Net зерттеуіне сенсек, ресейлік интернеттегі бостандық соңғы алты жылда кеміп кеткен. Оған үкіметтің Telegram мессенджерін бұғаттау әрекеті, сонымен қатар онлайн анонимділік пен цензураны күшейту туралы заңдар жасау туралы ұсыныстары әсер еткен. Алдағы уақытта да бұл жағдай жақсара қоймайды», делінген мақалада.

Еуропадан жоғалған континент табылды – CNN

«Ғалымдар жер астынан жоғалған континент тапты және бұл Атлантида емес», деп жазады CNN. Басылымның хабарлауынша, Гренландиямен бірдей континент Үлкен Адрия деп аталады.

«Ол Солтүстік Африкадан бөлінген, бірақ 140 миллион жыл бұрын Оңтүстік Еуропа астында қалған», деп жазады автор. Оның айтуынша, ғалымдардың зерттеуі Gondwana Research журналында жарияланған.

Континенттердің эволюциясын тау жоталарының эволюциясы көрсетеді.

«Біз зерттеген көптеген тау жоталары 200 миллион жыл бұрын Солтүстік Африкадан бөлініп кеткен континенттен шыққан», дейді ғалымдар. Олардың айтуынша, Үлкен Адрияның көп блігі су астында қалған.

Айта кету керек, жоғалған континенттер бұрын да табылған. 2017 жылы қаңтарда ғалымдар Гондван ежелгі суперконтинентінің бөлігін тапқан еді.

Ғалымдар, PR-менеджерлер, әкесі: Грета Тунбергтің артында кім тұр? - Focus

«Нью-Йоркте сөйлеген сөзінен кейін Грета Тунберг қоғамды екіге бөлді. Бірі Fridays for Future қозғалысының бастамашысын жақсы көрсе, бірі жек көреді. Бірақ ол өз ісін жоғары кәсібилікпен атқарып жүреніне ешкім күмән келтірмейді. Алайда ол бұны қалай істейді және оның командасында кімдер бар?», деп жазады Focus басылымы.

Автор небәрі 16 жастағы қыздың көптеген халықаралық жиындарда сөз сөйлегенін еске алады және оның соңғысы БҰҰ климат саммитінде болғанын жазады.

«Мұның бәрін жасөспірім қыз өзі жалғыз істеп жүрмегені анық және климатты қорғау үшін күресте оған көмектесетін адамдар бар», дей келе автор Гретаның қасында үнемі әкесі, швед актері Сванте Тунберг жүретінін айтады. AFP агенттігінің хабарлауынша, Тунбергке климатты қорғау саласына маманданған Climate Nexus және GSCC қолдау көрсетеді. Сондай-ақ Тунбергке көмектесушілер арасында бірнеше ғалым бар.

«Климаттық өзгерістерді зерттейтін Йохан Рокстрем, климатолог Штефан Рамшторф және Кевин Андерсон да Гретаға қол ұшын созады. Олар Гретаға өз сөзінде айтатын деректер мен сандардың, фактілердің дұрыс болуын қадағалап, кеңес береді», деп жазады автор.

Оның жазуынша, Гретамен аты қатар аталатын тағы бір адам - бизнесмен Ингмар Рентцхог. Ол алғашқылардың бірі болып қызды байқап, ол туралы Фейсбукте пост жазған. Осыған байланысты Гретаны оның компаниясының PR-ойыншығы деп айыптаушылар көп болды. Дегенмен, бұл айыпқа қарсы дәлел келтірмеді.

Соңғы жаңалықтар