Клаус Шваб Президентті Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға шақырды

None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – АҚШ-қа жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Клаус Швабпен кездесті. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуде Қазақстан мен Дүниежүзілік экономикалық форум арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары қарастырылды, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері мен үрдістері туралы пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік экономикалық форумның «Астана» халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастығы туралы айтты.

Клаус Шваб Президентті 2023 жылы қаңтарда Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға шақырды. Сонымен қатар елімізде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен АҚШ-қа барды. Сапар барысында бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен, Grupo Los Grobo компаниясының төрағасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығы өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен, JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен, Eurasia Group компаниясының президенті Ян Бреммермен, S&P Global қаржылық-талдау компаниясының вице-президенті Дэниэл Ергинмен, Австралияның бұрынғы премьер-министрі Кевин Раддпен, сондай-ақ шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 қазақстандықты біріктіретін Digital Nomads IT қоғамдастығының өкілдерімен, ЕРАМ systems компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Аркадий Добкинмен, Coursera компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалмен, Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас менеджері Мишель Симмонспен кездесті.


Соңғы жаңалықтар