Қиынға соқса да отандастарымыз тәртіпке бағынып, шыдамдылық танытқаны жөн – «Ауыл» ХДПП мәлімдемесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» халықтық – демократиялық патриоттық партиясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі қалаларда жарияланған карантин мерзімін сәуір айының соңына дейін ұзарту туралы шешіміне қатысты мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл» халықтық – демократиялық патриоттық партиясының мәлімдемесі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына орай ірі қалаларда жарияланған карантин мерзімін сәуір айының соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын жариялады. Мемлекет басшысы өз сөзінде Төтенше жағдай бойынша қазірге дейін атқарылған іс-шаралардың барысына баға берді. Шын мәнінде бұл індет еліміз үшін тәуелсіздік тарихындағы күрделі сындардың бірі болды. Ең бастысы– елдің амандығы. Аяусыз дерттің алдын алып, азаматтарымыздың өміріне төнген қауіптің тезірек бетін қайтару елдік мақсатымызға айналуы тиіс, бұл ымырасыз күресте. Мемлекет өзіне тиесілі міндеттерін атқарып жатыр. Соның нәтижесінде еліміздің ірі қалаларында күнделікті індетке шалдыққандар санынының азайып келе жатқандығы байқалады. Алайда өңірлерде науқастар саны артуда. Әсіресе Президент айтқандай халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде эпидемиямен күрестің қарқынын бір сәтке болса да бәсеңдетуге болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекет басшысының Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сынды қалалардағы карантин мерзімін сәуір айының соңына дейін ұзарту туралы шешіміне ел болып қолдау көрсетуге тиіспіз. Бұл жайдан – жай қабылданған шешім емес.

Табиғаты беймәлім вируспен күресудегі әлем елдерінің басынан өткен тәжірибе. Қазірше індеттің кең таралмауына тосқауыл болатын тиімді тәсілдің елді мекендерді карантинге алып, тұрғындардың оқшауландырылуы екенін төтенше жағдайдың тәжірибесі де дәлелдеп беріп отыр. Сондықтан қаншалықты қиынға соқса да, отандастарымыздың тәртіпке бағынып, шыдамдылық пен сабырлылық танытқандары абзал.

Президент Қасым – Жомарт Тоқаев мемлекеттік құрылымдардың қазірге дейінгі жұмысына оң баға бере отырып, кейбір билік органдарының жұмысындағы олқылықтарды да атап өтті. Өкінішке орай мемлекет тарапынан белгілі топтағы тұрғындарға қарастырылған көмек пен жәрдемақыны адресаттарға жеткізу мәселелерінде азды-көп олқылықтар орын алғаны рас. Кей аймақтарда карантиндік жағдайға қарамастан, тұрғындардың банктердің төңірегіне жиналғаны байқалды. Эпидемия жағдайында мұндайға мүлдем жол беруге болмайды. Жергілікті билік өкілдері мен қаржы институттары аталмыш мәселелердің шешім жолын кешіктірмей табады деп сенеміз. Бұл ретте отандастарымыздың да қарапайым санитарлық ережелерді сақтап, талап, тәртіпке бағынып, жауапкершілік танытқаны абзал. Ел Президенті бұған дейінгі мәлімдемелерінде атап өткеніндей төтенше жағдайда қазір ел көлемінде жүріп жатқан көктемгі егістік жұмыстары шұғыл шаралар мен шапшаң әрекеттерді керек етеді. Алайда жоғарыда қабылданған пәрменді шешімдердің жекелеген ведомстволар мен аймақтарда жүзеге асырылуы көңіл көншітпейді. Күні кеше ғана аймақтардағы диқандардың жанайқайы «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевтың Сенат депутаты ретінде Үкіметке депутаттық сауал жолдауына себеп болды. Көктемгі дала жұмыстарын ерте бастаған оңтүстік өңірлерде алғашқы өнім де жинала бастады. Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарындағы жылыжайлар мен дала еңбеккерлерінің өнімдері тағы бар. Өкінішке қарай, бұрын өз өнімдерін облыс орталықтарына, ірі мегаполистерге, тіпті Ресей қалаларына шығарып жүрген шаруалар төтенше жағдайға байланысты қойылған блок бекеттерден өте алмай, көп қиындық көруде екен. Дәл қазіргідей шаруа қаланың нарығына, қала шаруаның өніміне аса зәру шақта осы мәселені ұйымдастырып бере алмауы жергілікті билік өкілдері тарапынан жіберілген үлкен олқылық. Мемлекет басшысы осыған дейінгі мәлімдемесінде Үкіметке отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін 6 айға кепілді сатып алу механизмін қалыптастыруды тапсырды емес пе? Осы тапсырманы жедел түрде қолға алғанда бұл күндері жоғарыда айтылған жайттар орын алмас та еді. Бірнеше аптадан кейін еліміздің астықты солтүстік аймақтарында көктемгі дала жұмыстары басталады. Жауапты ведомство басшылары мен жергілікті әкімдіктер ол өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарының өз деңгейінде, уақтылы ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді деп сенеміз.

Құрметті отандастар, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздің ірі қалаларындағы карантин мерзімін сәуір айының соңына дейін ұзарту туралы шешімін түсіністікпен қабылдап, парасаттылық танытып, сабырлылық пен шыдамдылық көрсетуге шақырамыз. Біз біргеміз !

«Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясының Саяси кеңес Президиумы


Соңғы жаңалықтар