Кітапханаларда заманауи цифрлық құралдар болуы қажет - Дәурен Абаев
2022 жылғы 12 тамыз 19:14

Кітапханаларда заманауи цифрлық құралдар болуы қажет - Дәурен Абаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кітапханалардың заманауи цифрлық құралдармен қамтамасыз етілуі маңызды. Бұл туралы Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр алдымен М. Ломоносов атындағы орталық қалалық кітапханада болды. Мекеме қорында шамамен 28 мың кітап бар. Дәурен Абаев кітапханалар оқырмандарға қолайлы жағдай жасап, заманауи цифрлық құралдарға қол жеткізуді қамтамасыз етуі және кітап қорын байытуы қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, министр мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Жаңа орталықта бассейн, үстел теннисін ойнауға арналған зал және әмбебап спорт залы болады. Нысан құрылысын жыл соңында аяқтау жоспарланған.

Дәурен Абаев инвестициялар тартуға ықпал ететін және өңірді халықаралық нарық пен ел ішінде ілгерілетумен айналысатын Visit Aktobe туристік ақпараттық орталығында болды. Министрге туристік инфрақұрылымды жақсарту және салаға шетелдік инвесторларды тарту жоспарлары туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар, Дәурен Абаев республикалық маңызы бар «Абат Байтақ қорымы» ескерткіші мен облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында болды.

Бүгін министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды және Baqytty Bala-2022 ІV ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының қатысушыларымен кездеседі.


Фото : gov.kz

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT