Кітапханалар жастар жиналатын әлеуметтік орталыққа айналады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жас Отан» жастар қанаты жастарға арналған әлеуметтік және инновациялық жобаларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас Отан» жастар қанатының «Білім орталықтары» жобасы бойынша өңірлердегі кітапханаларды жастар жиналатын әлеуметтік орталықтарға айналдыруды қолға алды. Осы мақсатта алдымен кітапханашылардың біліктілігін арттыру үшін еліміздің 17 аймағынан 34 кітапхана қызметкері елордаға арнайы шақырылып семинар-тренингтен өтті. Атап айтқанда, 8-12 қазан күндері «Жас Отан» мен Назарбаев Университеті 5 күн бойы кітапханалардың заманауи өзгерістерге бейімделуі мен жаңа форматта жұмыс істеуі бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Жас Отанның IV съезінде жастарға қосымша білім беру мен арттыру бойынша тезистер қабылданған болатын. Осы тұрғыда жұмысты білімнің бұлағы кітапханадан бастадық, біз 3 айға жуық өңірлердегі кітапханашыларымен кездесу өткізіп, олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдадық. Солардың бәрін сүзгіден өткізіп, мониторинг жасап, кітапхананы жастар жиналатын әлеуметтік орталыққа айналдыруды қолға алдық. Одан бөлек жобаны жүзеге асыруда АҚШ, Финляндия, Канада елдерінің кітапхана мен әлеуметтік коуоркинг орталықтарының тәжірибелері ескерілді», - деді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде әлемнің көптеген елдерінде кітапхана үшінші үйге айналған, аталған тәжірибені өз елімізге қол алатын уақыт келді және ол алдымен облыс орталықтарында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылады уақыт өте келе тиісінше аудан және ауылдық жерлерде де өз жалғасын табады.

«Біз бес күн бойы кітапхана мамандарын өз саламыздағы соңғы трендтермен таныстырып, аймақтарда қалай заманауи сұранысқа сай кітапхана жұмысын жүргізуге болатынын айттық. Енді мамандар өз өңірлерінде үлкен өзгеріс жасайды деп сенеміз. Біз идея және тәжірибемен бөлістік. Ендігі жұмыс кітапханашылардың қолында», - деді Назарбаев Университеті кітапханасының бас сарапшысы Петр Лапо. 

Соңғы жаңалықтар