Кітапханалар көпфункционалды білім беру-ағарту орталықтарына айналады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік кітапханалар көпфункционалды білім беру-ағарту орталықтарына айналады. Бұл жайында еліміздің Мәдени саясатының тұжырымдамасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқырман ұлт» жобасы аясында жалпыға қолжетімді мемлекеттік кітапханаларды көпфункционалды білім беру-ағарту орталықтарына айналдыру жоспарланып отыр. Кітапхана ғимараттарын жөндеу жұмыстары және өңірлік кітапханалардың кітап қорларын толықтыру жалғасады. Елімізде kazneb.kz қазақстандық ұлттық электронды кітапхананың мобильдік қосымшасы жасалып жатыр. Ал ҚазҰЭК қорын кеңейту арқылы студенттер цифрлық кітапханаларға тегін қол жеткізеді. Бұл Қазақстанның бүкіл кітапхана желісі интеграцияланатын бірыңғай ұйымдастырушы және технологиялық жүйені құруға мүмкіндік береді», - деп жазды министр Telegram-парақшасында.

Сондай-ақ ол зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалардың қоры, оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптардың саны ұлғайтылатынын айтады.

«Осы жоспарларды іске асырудың нәтижесінде 2030 жылға қарай кітапханаларға келушілер санын 20 пайызға арттыруға ниеттіміз», - деді Асхат Оралов.


Соңғы жаңалықтар