Кісіні сыйлауды, адалдықты ата-әжемнен үйрендім – Қарттар күніне орай сауалнама

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін – халықаралық қарттар мерекесі. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі елорда тұрғындары мен қонақтары арасында үлкенді сыйлау және ата-әже тәрбиесі мен өнегесі туралы сауалнама жүргізген еді.

Көшеде жүргізілген сауалнамада мынадай сұрақтар болды:

- Бүгін қандай мереке?

- Ата-әжеңіз бар ма?

- Ата-әжеңізбен байланысты өмірлік мәні бар немесе қызықты естелікті бөліссеңіз?

- Ата-әжеңіз айтқан тәрбиелік мәні бар қандай ақыл-кеңес немесе қанатты сөз есіңізде?

«Бүгін қандай мереке екенін білмейді екем. Енді естіп жатырмын. Өкінішке қарай, қазір ата-әжем жоқ. Атам ертеректе өмірден озды. Әжем осындан 4 жыл бұрын қайтыс болды. Әжем айтқан әңгімелердің кейбірі әлі есімде. Әжем «барыңмен бөліс» дейтін. Кішкентай кезімізде кәмпит берсе достарымызбен бөліп жейтінбіз. Әжем туралы тек қана жағымды жайттар есімде», - деді Дима есімді елорда тұрғыны.

«Бүгін ата-әжелер мейрамы. Менің ата-әжем бар. Әжем өте ақкөңіл, жайдары жан. Сондай-ақ, әжем күнде мені мектепке алып барып, алып келеді. Әжем маған мейірімді, кеңпейіл бол деп үнемі айтып жүреді. Әжемнің аты Мырзагүл және мен әжемді жақсы көремін. Ата-әжемді мерекесімен құттықтап, сәлем жолдаймын», - дейді 9 жасар Елнара.

«Менің анам егде жаста. Сондықтан анам да, әжем де сол кісі. Қазір анамды мерекесімен құттықтауға бара жатырмыз. 7 жасыма дейін әжемнің тәрбиесінде болдым. Ата-анам жұмыста болғанда, маған әжем қарады. Әжем менің алғаш сауатымды ашқан жан. Ол кезде «Букварь» болатын. 5 жасымда әжем букварьды қолыма ұстатып, маған әріп үйретті. Мен үшін ол кез өмір бойы ұмытылмайтын сәт. Әжеме басымды ием. Ол кісі негізінен Ресейде тұрған, мені бағып, тәрбиелеу үшін Қазақстанға келді. Әжем маған үнемі адал, әділ әрі төзімді бол дейтін»,- деп өз естелігін бөлісті астаналық Светлана.

«Қарттар – асыл қазынамыз деп бекер айтылмаған. Ол кісілердің орны бөлек және бар құрметке лайық. Ата-ана, ағайын-туыс, жақын адамдардың қадірін ата-әжемізден үйрендік. Мен атамды өнеге тұтамын. Ол кісінің өмірлік жолы - мен үшін үлгі. Атам өмірінің соңына дейін өзін жетілдіріп, дамытумен айналысты. Қарт болса да үнемі оқып, жаңа дүниені үйреніп жүретін. Сондықтан да атамды үлгі тұтамын. Атам мені «ешкімнің ала жібін аттама» деп өсірген. Бұл сөз өмір бойы есімде сақталады», - дейді елордаға қонақ болып келген Нұрмұхамед.

«Менің ата-әжем ауылда тұрады. Каникул кезінде бірден ата-әжемізге баратынбыз. Кішкентай кезімізде атам бізді ертіп алып орманға барып отын жинайтынбыз. Әлі есімде. Қазір атам жоқ, әжем бар. Әжем Астанада тұрады, мен Өскеменде тұрамын. Мерекесі және туған күні қарсаңында әжемді құттықтауға арнайы келдім. Ертең әжемнің туған күні. Сондай-ақ, әжем маған ас пісіру, үй тіршілігін жасауды үйретті», - дейді Сәния.

«Әжем айтатын үлгі, өнеге, тәрбиелік мән бар сөздері үнемі есімде. Әжем «өмірде қанша биікке көтерілсең де, адамгершілігіңді жоғалтпа» дейтін. Сол сияқты адамдармен үнемі жақсы қарым-қатынаста бол деп кеңес беретін. Одан бөлек, тағы бір өнегелік сөзі - «Адамдардың тек жақсы жағын айт, жаман жағын білсең үндеме». Әжем беріп жатқан тәрбиенің орны бөлек, Шүкір, әжемнің көзі тірі. Әжемді және барша қарттарды мерекесімен құттықтаймын!», - дейді астана тұрғыны Сапарбек.

«Бала күнімде ата-әжемнің үйіне жиі баратынмын. Атам күнде маған шоколад әкеліп беретін. Әрине, ата-әжем туралы менде тек қана жылы естеліктер бар. Ата-әжем бар, бірақ бірге тұрмаймыз. Жиі хабарласып, барып тұруға тырысамын. Мен негізі атама жақын болдым. Атамның баласы болдым. Атам үнемі ақыл-кеңесін беретін. Соның ішінде есімде қалғаны «артыңа қарама» дейтін. Сол сияқты талпынудан, үйренуден шаршама деп ақыл беретін», - деді Нәзира.




Соңғы жаңалықтар