Кіші Талдыкөлді сақтап қалуға болады - сарапшы
2022 жылғы 18 тамыз 13:02

Кіші Талдыкөлді сақтап қалуға болады - сарапшы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда аумағындағы Кіші Талдыкөлді әлі де сақтап қалуға болады. Бұл туралы Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кіші Талдыкөлді сақтап қалу мүмкіндігі әлі де бар. Бұл тұрғыда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде өзінің нақты ұстанымын танытуын талап етеміз. Ведомство ол жердегі құрылысты тоқтатып, экологияға келтірілген залалды бағалауы тиіс», - деді Р.Оразалиев аталған көлдің проблемаларын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында.

Сонымен қатар ол Кіші Талдыкөл аумағында таралған өсімдіктер, мекендейтін құс мәселесіне тоқталды.

«Бұл аумақта өсімдіктің 98 түрін анықтадық. Жәндіктердің 300-ден астам түрі, балықтың екі түрі, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың үш түрі, сондай-ақ құстардың 172 түрі тіркелді», - деді сарапшы.

Оның сөзіне қарағанда, Талдыкөлде Қызыл кітапқа енген құстар да бар. Мұнымен қоса, көлдің аумағында сүтқоректілер санатындағы аңдардың 10 түрі анықталды. Солардың арасында біреуі жойылып бара жатыр екен.

Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздің белгілі сәулетшілері Кіші Талдыкөл маңындағы құрылысқа қатысты пікір білдірді. Олардың пайымынша, қазір онда құрылыс жүріп жатқан болса, онда шешімді тағы да сараптап, қалған жерлерін сақтап қалған жөн.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT