Кіші Талдыкөл сақталып қалады – Экология министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев елордадағы Кіші Талдыкөл туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі уақытта бұл көлді толықтыратын қайнар көздері жоқ екенін түсінеміз. Сондықтан да табиғи түрде құрғап жатыр. Болашақта бұл көлді қосымша толықтырып отырмаса, тұтастай құрғау қаупі бар. Біз қала әкімдігімен бірнеше рет кездесіп, тікелей Талдыкөлдің қасында көшпелі кеңестер өткіздік. Толықтырып отырмаса бұл көл жақын арада құрғап кететінін түсінеміз. Бұған бірнеше факторлар, соның ішінде белсенді қала құрылысы да ықпал етеді», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Дегенмен, министр атап өткендей, Кіші Талдыкөл су нысаны ретінде сақталып қалады.

«Бұл көлдің ауданы 20 гектардан кем болмайды. Әкімдік тағы қосымша зерттеулер жүргізеді. Бұл көлдің ең үлкен және терең бөлігі сақталып қалады. Қалған бөлігінде – көлдің айналасында рекреациялық аймақ ұйымдастырылады», - деп толықтырды спикер.

Министр әкімдік есебінен көлдің нақты шекаралары анықталатынын атап өтті.

«Көлдің түбін тұнба балшықтардан тазарту жұмыстар жүргізіледі және қолдан су толтырылады. Сондықтан, жақын арада Талдыкөл мен оның айналасындағы рекреациялық аймақтар ұйымдастырылатын бөлігі қала тұрғындары үшін өте жақсы демалыс орны болады деп ойлаймын», - деді Серікқали Брекешев.


Соңғы жаңалықтар