Кіші Талдыкөл ісі қайта қаралды - не өзгеруі мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласының соты «Кіші Талдыкөл» көлдер тобы ісі бойынша елордалық әкімшілік соттың шешімін өзгертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы 11 шілдеде елордалық әкімшілік сот қала әкімдігінің «Кіші Талдыкөл» көлдер тобында су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілемеген әрекетсіздігін заңсыз деп танып, 6, 7, 9 көлдерде су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнатуға міндеттеді. Әкімдіктің «Су қоры жерлерін елдімекен жерлері санатына ауыстыру туралы» қаулысы, оның ішінде №6,7,9 көлдер аумағын елдімекен жерлеріне ауыстыру бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылды.

«Aqiqat» корпоративтік заңгерлер коалициясының өкілі Асқар Қалдыбаев коалиция сот шешімін өзгертуді және барлық жеті учаскенің айналасында су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнатуды сұрайтынын айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, сот шешімі тек белгілі бір учаскелермен шектелді. Ал кей учаскелерге қатысты біздің талаптарымыз қабылданбады. Біз соттың шешім шығарған қорытындысын негізсіз, ешқандай сенімді зерттеулерге негізделмеген деп санаймыз. Бұл есепте ешқандай дәлел келтірілмеген. Екіншіден, біз құрылыс компаниялары сенім принципіне сүйене алмайды, бұл туралы сот өз шешімінде атап өтті. Құрылыс компаниялары әділ жұмыс істемеген, олар Талдыкөл су объектісі болып табылатынын және су объектісінде қандай да бір құрылыс қызметіне тыйым салынатынын білуі керек еді. Өз қызметінің кәсіпкерлік сипатына байланысты олар бұл факт туралы білуі қажет еді», - деп есептейді Асқар Қалдыбаев.

Сонымен бірге заңгер Шыңғыс Темір Кіші Талдыкөл құрылыс салушылардың осы жер учаскелерін таратқан жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жүргізген қасақана антропогендік іс-әрекеті салдарынан жоғала бастағанын айтты.

«Бұл фактілер құжаттарда айғақталған. Біріншіден, «Жасыл орам» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы №5 учаскеде көлдің бетін жабу фактілері анықталды, қалалық орта сапасын бақылау басқармасы тиісті тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша көлдің беті қандай да бір инертті материалмен толтырылғаны анықталды. Осыған байланысты SAT NS әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл аумақтағы бұзушылықты жою туралы бұйрық әлі де өз күшінде. Sat NS оны орындамады. Нұсқаулық бойынша тұтас аумақты қалпына келтіру керек. Сонымен қатар, апелляциялық шағымымызда біз суды жасанды жолмен шығару фактілерін ұсындық. Бұл фактіні Есіл бассейндік инспекциясы тіркеді, тиісті акт жасалды», - деп түсіндірді Шыңғыс Темір.

Астана әкімі аппараты басшысының орынбасары Жанасыл Шәукентаев бірінші инстанциядағы соттың шешімін мынадай негіздер бойынша өзгертуді ұсынды.

«Қазіргі уақытта Кіші Талдыкөлде су келу жүйелерінің бұзылуына және су жинау алаңының азаюына байланысты табиғи бұзушылық байқалуда. Зерттеу жүргізген мамандардың қорытындысына сәйкес, Кіші Талдыкөлдің табиғи құрғауының себебі – Астананың сол жағалауының белсенді дамуы, құрылыстың көбеюі, соның салдарынан көлдерге келетін жерасты сулары азайған. Сонымен қатар бұл жағдай көлдерге гидрологиялық зерттеулер жүргізетін Вернадский үкіметтік емес экологиялық қорының қорытындысымен расталады. Үлкен Талдыкөл де осының айқын мысалы болып отыр. Бірінші инстанциядағы сотқа Үлкен Талдыкөлдің жылдар бойғы табиғи құрғауы тіркелген материалдар ұсынылды. Сондай-ақ, №7 учаскені бөлек атап өткен жөн. Ол қазір әкімдіктің су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жұмыстары жүріп жатқан сарқынды және дренажды сулар есебінен жасанды жолмен толады. №5 учаскеде әкімдік экопарк салуды жоспарлаған. Бірақ дәл осылай Талдыкөл көлдерін сақтап қалу мүмкін емес және орынсыз, өйткені тазарту нысандарының қуаты жеткіліксіз», - деді Жанасыл Шаукентаев.

Оның айтуынша, іс материалдарындағы жүргізілген зерттеулер қорытындысына сәйкес, №7 учаскені сақтаудың орындылығы туралы ғана айтылған.

«Осылайша, №6 және № 9 учаскелерді сақтау табиғи құрғауға байланысты мүмкін емес. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, соттан бірінші инстанциядағы соттың шешімін өзгертуді және талапкердің апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартуды сұраймын», - деді ол.

Апелляциялық инстанция соты бірінші инстанциядағы сот белгілеген мән-жайларды және оның қорытындыларын ішінара дұрыс деп ұйғарды. Қорытындыны аталған салада арнайы білімі бар мамандар (гидролог, инженер-гидрогеолог, эколог-аудитор) берген. Алқа мамандардың жаңа қорытындысын ескере отырып, тек №7 су айдынына қатысты су қорғау аймағын белгілеу қажет деп санады. №6 су қоймасы толтырылып, №9 су қоймасы құрғап келеді. Атап айтқанда, №6,9 көлдері аумағында көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысы жүруде. Апелляция №7 су қоймасын сақтауды және жер асты суларының ағынын қалпына келтіру үшін міндетті тереңдету жұмыстарын жүргізуді ұсынды.


Соңғы жаңалықтар